Елорда тынысы

Жақын елдер жарасымы

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке ресми сапармен барды. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен шағын форматта және кеңейтілген құрамда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар төңірегінде әңгімелесті.

[smartslider3 slider=3096]

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қырғызстан астанасындағы «Театр» гүлзарының орталық аллеясына қойылған Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.

Қазақстан Президенті бауыр­лас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақыр­ғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.  «Мен сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен өткен кеңейтілген құрамда келіссөздерде Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты. «Тәуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стартегиялық серіктестік және одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік» деді Президент.

Мемлекет басшысы өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңыздылығын айтып, Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастыруды ұсынды. Ол өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда, Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін. Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды. Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді.

Қырғызстан Президенті өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. «Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ. Ең бастысы – осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өңіраралық және халықаралық құрылымдар аясындағы конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз ететіні жөнінде айқын түсінік бар» деді ­Қырғызстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ­Қырғызстанға ресми сапары аясында Садыр Жапаровпен бірге «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық экономикалық интеграция. Инвестициялық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына онлайн-форматта қатыс­ты. Қазақстан ­Президентінің Қырғызстанға жасаған ресми сапарының бағдарламасы ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың Бішкекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсіміне қатысуымен аяқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button