Мектеп бағдарламасына, жоғары оқу дәрістерінде оқытылып жатқан Сегіз сері Бахрамұлы Шақшақов жайлы білгенімді жариялау себепті қаламға жүгіндім.
Бәрі қалай басталып еді? Хош… Тоқсаныншы жылдардың басында Бұқар жырауды зерттей бастадым. Тарихи-танымдық кітап, газет-журналда жариялаған мақалаларды оқи жүре Н.Әбуталиевтің «Сегіз сері» кітабы қолыма ілікті. Оқыдым, тамсандым. Серінің бабасы Қожаберген жырау Бұқарекеңнің ұстазы болып шықты. «Ақтабан шұбырындағы» шығарған «Елім-ай» дастанында Бұқарға екі-үш шумақ жыр арнайды. Бұл кітапта Сегіз серінің өмірі, шығармашылығы жайлы егжей-тегжейлі сипаттайды. Кейін Университет бітірердегі дипломдық жұмысым «XVIII ғасырдағы сал-серілер шығармашылығының әуездік сипаты» деген тақырыпта болды. Сал-серілік өнердің бастауында Сегіз сері тұрғанын дәлелдейтін дәлел-дәйектермен қауыштым. Сол кезеңде, яғни, тоқсаныншы жылдар ортасынан аса баспасөз беттерінде Сегіз сері жөнінде дау-дамай басталды. Содан бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Хош…
Осыдан бірер жыл шамасында бір аста кездейсоқ бір адаммен таныстым. Ру сұрастық, Кереймін, солтүстіктен, – деді. Мен «Сегіз сері жайлы білесіз бе?» дедім. – Білгенде қандай?!..
Сонымен әңгімеміз жарасып жүре берді. Ағамыздың аты – Сансызбай. Біз жақтағы білікті адамның құдасы. Әкесі Зәркөш Тақыров деген адам ел басқарған. Сонау кеңестің қызыл қылышы қылпып тұрған кезде қазақ ауылдарын, мектебін сақтауға ерен еңбек еткен. Тағы бір ерекшелігі – ел аузынан қағазға халық қазынасын жинаған. Соның ішінде әлбетте, Сегіз сері жөнінде бірсыпыра жазбалары бар. Өткен жылдың жаңа жыл басында арнайы Қызылжар қаласына сапар шегіп Сансызбай ағадан 3 көлемді дәптер жазбаны алдым. Оны көшіріп, өзіне қайта қайтарып бердім.
Міне, осы қолжазбада Сегіз серінің шығармашылығы жөнінде біраз деректер бар. «Гауһар тас», «Ғайни», «Ақбет», «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Ақбұлақ» т.б. бірнеше әндердің, «Ер сегіз» дастандардан үзінді және Біржан салдың жоқтауы сынды құнды дүниелермен танысып, тарих болмысымен қауыштық. Біржан сал қартайып, денсаулығы нашарлағанда Балуан Шолақ көңілін сұрай келеді. Біржан сал:
Ұстазым – Сегіз сері,
Нияз сері,
Солардан үлгі алған мен
Біржан сері,
Жетпіс үш мүшелі
толғанымда,
Дүние теріс айналып
кетті кері…
Міне, осы өлең жолынан-ақ қазақ сал-серілік өнерінің бастау бұлағы – Сегіз сері екеніне көз жеткіземіз. Бір қынжыларлығы, Зәркөш аға (марқұм) бұл деректі кімнің ауызынан жазып алғанын келтірмепті, өкінішті-ақ. Тек жылы мен айын, өзінің қолын қойған екен.
Менің қолымда қаламгер Төлеш Сүлейменовтің «Сегіз сері» кітабы бар. Бұл кітапта Н.Наушабаевтың, Ш.Жұбайұлының, т.б. қоса сері шығармаларын келістіре отырып, баяндайды.
Жігіттер өнер қусаң
Сегізге ұқса,
Шәкірті ем Сегіз сері
атым Мұса.
Қазақтың ел қорғаны
мақтаны ғой,
Үш жүзде ер Сегіздей көп ұл туса… (Жаяу Мұса «Ер сегіз»)
Енді оның жасынан балуан, мерген, әнші, күйші, композитор, қолбасшы болған деген пікірлерді қайда қоямыз?!
2018 жылы «Арқаның әншілік мектебі» деген кітап жаздым. Оның ішінде Қарағанды өңіріндегі әншілер (көзі тірі) қамтылды. Осы кітапқа пікір жазғызу үшін атақты әнші Қ.Байбасыновқа бардым. Ол кісі Сегіз сері жөнінде естігенде бірден «ол тарихта болмаған кісі, оны алып таста» деген үзілді-кесілді байламын айтты. Бұл пікірді бірге берген әнші Е.Құжыманов та, кейін өнертанушы әнші Е.Төлеутай да қолдады. Салым суға кетіп, кіріспедегі Сегіз сері тұсын алып тастадым. Бір кездері газетке (қай газет екені есімде жоқ) «Құбыжық» атты сегіз сері дастаны жария болған. Қ.Сәтбаевтың әкесі Имантай туғанда Сегіз сері бата беріпті деген өлең жолдары жеке брошюра боп шығып, соны маған Е.Төлеутай сыйлаған. Тіпті атақты Шыңғыс төре баласы Шоқанға Сегіз серінің азан шақырып қойған аты Мұхамет – Қанафия деп қойған деген деректі не істейміз!? Міне, осы жағдайдан кейін дәйекті дерекке жолыққан соң қалай қаламға қол салмасқа?! Хош…
Ана кісілердің дәйегі – Сегіз сері Омбыда оқыды, жазалаушы отрядтың бастығы болды, Исатай Махамбетке көмектесті, бірнеше ән-дастанның авторы, түрікмен, иран жерінде болды т.б. сынды деректер ешқандай архивте жоқ дегенге саяды.
Алайда жоғарыда мен келтірген әндердің әуезі бір кісінің қолынан шыққандығы тайға таңба басқандай ғой. Өзім ән шығарған соң және онымен айналысқаныма 30 жылдай болды, әрі сал-серілер шығармашылығын бір кісідей білгендіктен осы даулы мәселеге кірістім. Осыны ескере отырып, Сансызбай ағадан ол кісінің ұрпақтары бар ма? – деп сұрадым. Ол кісі бар, апарайын деді. Сол сапарым осы шілденің соңына қарай жүзеге асты. Қызылжарға барып, Қожаберген жыраудың ескерткішіне тәу еттік. Әрі қарай Жамбыл ауданы Преснов кентіне (С.Мұқановтың туған жері) ат басын тіредік. Мұнда Амантай Бегенов деген шөбересі тұрады екен. Сегіз серінің екі ұлы болған Мұсайын, Мұстафа деген. Мұстафадан – Беген, Бегеннен – Амантай. Бұл кісінің кіндігінен – Алтай, Серік, Мұрат, Болат, Руслан туыпты. Амантай аға өзі науқастанып қалған екен. Жары Күлшара Нұрмолдақызы екеуі 7 бала өсірген екен. Бес ұл, екі қыз. Тек екі ұлы қолында. Болат пен Руслан әлі үйленбеген. Бізді өте жылы қарсы алды. Сері бабасы жөнінде әңгіме өрбіттік. Алайда олар да онша жарытып ештеңе айта алмады. Өздері қарапайым жұмысшы болған, балаларының амандығын тілеп отырған қариялар.
Ертеңіне Пресновтағы Қожаберген жырау мектебіне бардық. 2007 жылы салынған мектепке 2020 жылы жырау атын берген екен. Директоры жас жігіт – Бауыржан Мұсабаев деген. Музейіне кіріп тамашаладық. Деректер сонау алмағайып заманды елестетеді. Мұнда Сегіз серінің бейнесінен басқа онша ештеңе қойылмаған. Алайда Сегіз сері бейнесі Амантай ағаның Руслан атты ұлына келеді екен. Бұдан әрі біз Сегіз серінің Мұсайын атты ұлынан тараған ұрпақтарымен кездесуге 50 шақырымдай жердегі Айымжан ауылына аттандық. Бізді Бектас (Сегіз серінің бесінші ұрпағы) қарсы алды. Бектастың айтуы бойынша Мұсайыннан – Нұрахмет (Тырқай), одан – Нұрқожа мен Биқожа туады екен. Биқожа соғыста опат болған. Нұрқожадан – Қаратай, Қаби, Шайқыуәли туады. Қаратайды Биқожаның атына жазғызған. Қабиденнен – Балта, Бекет (Сегіз серіге ұқсаған), Бектас туады. Міне, ұрпақтар тізімі осылай өрбиді. Қаратайдың (марқұм) Әлкей Марғұланмен жазысқан хаттарын да алдық. Айымжан 60-70 үйлі қазақ ауылы. Қалмақ шапқыншылығында жаудан қашып, көлге батып өлген қазақ аруының бірі екен, жарықтық. Сондай-ақ Сегіз серінің жары Рысбике Найман ішіндегі Бағаналы тармағынан тарайды. Қайын жұртында сонау 200 жылғы бұрынғы шапаны сақталған екен. Жуырда жаңақорғандық тарихшы Оразхан деген азамат музейге сыйға тартыпты.
Күн еңкейе біз де Сегіз сері елімен қимай қоштасып, елге бет алдық. Өкінішке қарай, Сегіз сері дүниеге келген, дүние салған Гүлтөбе – Маманай өлкесіне өте алмадық. Жауын жиі жауғандықтан, мәңгілік мекен тапқан тұрағының жолы көлік өткізбеді. Хош деп сапарымызды тәмамдадық.
P.S: Дәулеткерей Кәпұлы деген ақын «Сегіз сері» тақырыбындағы кандидаттығын қорғай алмапты. Неге? Н.Әбуталиев, Т.Сүлейменовтердің кітабындағы, І.Жақанов, Ә.Марғұлан сынды ғұламалардың қолындағы деректер қайдан алынды? Мұның бәрі ойдан құрастырылмаған болар. Арғысын Алла біледі. Біздікі көрген, естіген дүниені түрту деп санаңыз.
Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ,
журналист, композитор, бұқартанушы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі