Әлеумет

ЖАҚЫНЫҢ ЖАНЫҢДА БОЛСЫН

«Пәлен жерде бала жоғалып кетіпті» дегенді естіген сайын жүрегің шымырлап, әлгі бүлдіршіннің тілеуін тілейсің. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда мұндай оқиға жиі кездеседі. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жылына 5 мыңдай балдырған осындай жайтқа тап болады екен. Ал Еуропа мемлекеттерінде 70 мың, АҚШ-та 1,5 миллион, Ресейде 15 мыңға жуық жеткіншек өз үйіне оралмайтын көрінеді.

Bedtime-Blessings-500x750

Бала жоғалмас үшін
Сақтықта қорлық жоқ. Жоға­рыдағыдай жағдай күні ертең сіздің отбасыңызда қайта­лан­басын десеңіз, оны болдыр­маудың жолын ойластыру керек. Ол үшін ата-ана балаға толық аты-жөні мен үй телефонын жаттатқаны ләзім. Баланы тауып алған кісі дереу сізбен байланыса алады. Сондай-ақ, ата-ана әрқашан өзімен бірге баланың соңғы суреттерінің бірін алып жүруі тиіс. Бүлдіршін абайсызда жо­ғалып кетсе жан-жағындағы адамдардан «Кекілі бар, сары шашты баланы көрмедіңіз бе?» деп сұрағаннан гөрі әлгі суретті көрсетсе, баланы табу оңайырақ болады. Егер көпшілік ортаға жиналсаңыз, балаңызға міндетті түрде түсі қанық, ашық түсті киім кигізіңіз. Сары, жасыл, қызыл түсті жейде не кепка баланы көпшіліктің арасынан тез тауып алуға көмектеседі. Дүкендер мен сауда орталықтарына барғанда сәбиіңізбен бірге «кездесу нүктесін» белгілеп қойыңыз. «Менен көз жазып қалсаң, екеуміз анау дүңгіршектің алдында кездесеміз» деп, алдын ала «жоспарды» түсіндіріңіз. Бұған бала қуанбаса ренжімейді. Фанта, чупа-чупс сататын киоскі, айдаһар-батуттың маңы тәрізді қызықты орындарды баланың өзі-ақ белгілейді. Айтпақшы, баланы ешқашан милициямен, дәрігермен, бөтен аға-апалармен қорқытпаңыз. Оны миына сіңіріп алған бала адасып қалған шақта ешкімді жанына жолатпай қоюы мүмкін.

Бала адасып кетсе
Бала бәрібір адасып қалды делік. Әуелі ол қатты қорқады. Біріншіден, адасып қалғаны үшін ата-анасынан ұрыс естуден, екіншіден, өз үйін таппай қалудан… Қорқыныштың кесірінен өзі білетін барлық мәліметті, тіпті, аты-жөнін де тарс ұмытып қалып жатады.
Мұндай жағдай жайлы аз-кем хабары бар бала сол адасқан орыннан ешқайда ұзамайды. Психологтар балаға тура сол жерде «Мама!», «Папа!» деп, бар даусымен айқайлауды да ұсынады. Мұны естіген айналадағы ересектер баланың әке-шешесінен көз жазып қалғанын бірден түсініп, тиісті орындарға хабар береді.
Бала бейтаныс қалада адасып кеткен жағдайда емхана, дүкен, кинотеатр, дәріхана секілді ғи­мараттарға кіріп, сон­­дағы қыз­меткерлерден өз әке-шеше­сіне телефон шалуын өтінген жөн. Егер ол әлі жазу таны­майтын болса, оған алдын ала ненің не екенін түсіндіру – әке-шеше­нің міндеті. Мәселен, крестің суреті болса – емхана, терезе-есіктерінде түрлі тәттілер бей­неленсе – дүкен, маңында кіш­кентай балалар ойнап жүрсе, онда ол ғимарат – балабақша немесе мектеп болады деп, бала ес біле бастағаннан үйрету қажет.

Бала табылған соң
Адасқан бала табылған соң, оған ешқашан ұрыспаңыз. Жай ғана құшақтап, өзіңіздің қатты алаңдағаныңызды білдірсеңіз жеткілікті. Осылайша оның үрейін басыңыз, бетінен сүйіңіз, арқасынан сипаңыз. Мұндай әрекет баланы да, ата-ананы да тыныштандырады. Адасып кеткен кезде балаңыздың қандай күйде болғанын ақырын сұрап-білуге тырысыңыз. Бала өз бетімен қандай күйде болғанын толықтай жеткізе алмауы мүмкін. Ата-анасының «Сен қорықтың ба? Неден қорықтың? Мен сені таппай қалады деп ойладың ба? Сен маған ренжідің бе?» секілді сұрақтары оған өз ойын, бас­тан кешкен күйін айтып беруге көмектеседі.
Баланың адасқан кезде дұрыс әрекет еткенін жайлап сездіру керек. «Сен қандай ақылдысың! Адасқан кезде ешқайда кетпей, сол орында тұрдың. Бөтен тәтеден емес, сатушы апайдан көмек сұрадың. Өте орынды жасағансың» деп, мақтап та қою артықтық етпейді. Мұндайда балада өз-өзіне деген сенім пайда болады. Алда тағы осындай жағдай қайталанса, оған дайын болады.
Егер бала сізден көз жазып қала салысымен, сасқалақтап, жанына адам жолатпай, еш­теңені түсіндірместен бей-берекет жылай берген болса, оның дұрыс жасамағанын ұғын­­дырыңыз. Тек мұны бала­ңыз табылған кезде емес, сәл кейінірек, шай үстінде оңа­шада айтсаңыз жақсы. Есті бала екінші рет ондай ісін қай­таламайды. Келесіде сабырлы болуға тырысады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button