ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Жарасымды ынтымақтастық жолында

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасы Уфа қаласының қалалық өңірі әкімшілігінің басшысы Ирек Ялалов Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.Астанада өтіп жатқан Башқұртстанның экономика және мәдениет күндері аясында өткізілген кездесуде қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы:

– Қазақ пен башқұрт – ежелден іргесі ажырамаған, достық тамыры тереңде жатқан бауырлас елдер. Бүгінде Уфа қаласы қарқынды дамып келеді. Екі шаһардың өзара жарасымды байланысы мен әріптестік қарым-қатынасы арта беретініне сеніміміз мол, – деп атап өтті.
Бас қаланың қалыптасу тарихына аз-кем тоқталған әкім Елбасының Астананы ауыстыру туралы идеясы қиын-қыстау кезеңде дүниеге келгенін, кезінде жұртшылыққа қиялдай көрінген бұл бастама кейін ақиқатқа айналып, Есілдің бойында қазақтың әсем шаһары бой көтергенін жеткізді.
– Қазіргі таңда Астана қарқынды дамып келеді. Елордамызда небір айшықты ғимараттар бой көтерді. Қала тұрғындарының саны ресми дерек бойынша 800 мыңға жетті. Алайда, қалаға ағылып жатқан ел көп. Олардың ішінде тіркелмегендері де қаншама. Сондықтан 1 миллионға жеттік деуге де негіз бар. Ал, кезінде шаһар халқы небары 200 мыңдай болған, – деді Иманғали Тасмағамбетов.


Елордаға инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлініп отырғанына тоқталған қала әкімі «Астана – жаңа қала» арнаулы экономикалық аймағында орналасқан Индустриялдық паркте инвесторларды тартуға қолайлы жағдай жасалғанын, нысандар салынып жатқан орын жер салығынан босатылатынын айтты.
Астана әкімінің жылы қабылдауына ризашылығын білдірген Ирек Ялалов мырза Уфа қаласының бүгінде қаншалықты жетістікке жеткенін әңгімеледі.
Бүгінде Башқұртстан астанасы өмір сүруге қолайлылығы мен бизнесті дамыту жағынан Ресейдегі қалалардың ішінен екінші орынды, құрылыс салу жағынан үшінші орынды иеленеді екен. Әрі Уфа – әлемдік деңгейдегі 8 бірдей қонақүйді қатарынан салып жатқан бірден-бір шаһар. Ресейдегі халқының саны миллионнан асатын 12 қаланың бірі де осы Уфа. Башқұртстан Республикасындағы өнеркәсіптің 50 пайызы осында орналасқан. Қаланың негізгі құраушы күші – өнеркәсіп екендігі де сондықтан.


Бұдан кейін қос тарап Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжат сауда-экономикалық, мәдениеттік және гуманитарлық өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге бағытталған. Әсіресе, Астана мен Уфа көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ақпараттандыру және байланыс салаларында тәжірибелер мен ақпараттар алмасу туралы келісімге келді.
Ынтымақтастықтың ауқымды бөлігі табиғатты қорғауға арналған. Атап айтқанда, қос тарап ауызсу және науаларды тазартудың жаңа технологияларын енгізу, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғауы, тұрмыстық және өнеркәсіптік қатқыл қалдықтарды жинау, қайта өңдеу және көму жүйесін жетілдіру, табиғи немесе техногенді сипаттағы апаттарды жою және экологиялық сақтандыру мен сертификаттауды енгізу жүйелерін жетілдіру бойынша көптеген жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button