Жаратылыстану-математикалық бейініндегі мектеп ашылады
Астанада жаңа оқу жылында жаратылыстану-математикалық бейініндегі жаңа мектеп ашылады. №71 мектеп-лицей жобаланып жатқан «Жағалау» шағын ауданында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 12 700 шаршы метр, 4 га аумақты алып жатыр. Онда балаларға арналған ойын алаңы, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ, биологиядан тәжірибелік сабақтар өткізетін алаң бар. Бұдан басқа, мектепте химия, биология, физика пәндерінен 2 зертхана және 4 лингафон кабинеті, 2 мультимедиялық кабинет, спорт залы, тренажер және акт залдары, кітапхана болады. Оқушылар арасында бәсекеге қабілеттілікті дамыту үшін мектепке дейінгі дайындық топтары құрылып, логика, шахмат, тоғызқұмалақтан қосымша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, вокал, домбыра, сурет салу және би үйірмелері ашылады. Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі, бесінші сыныпта қызықты математика, жетінші сыныпта техникалық физика, биология мен химиядан қосымша сабақтар енгізіледі. Қазақша күрес, дзюдо, волейбол, баскетбол, футбол сынды спорт түрлерінен секциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мектепаралық хоккей лигасын құруға бастамашы болатын жасөспірімдердің хоккей клубы құрылады. Оқушы жастарды патриоттық тәрбиелеуге арналған мемлекеттік бағдарламаны тиімді жүзеге асыру және оларды Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге дайындау мақсатында 2013-2014 оқу жылынан бастап әскери-патриоттық клуб және кадеттер сыныбы ашылады.
Еркежан СӘТІМБЕК