ӘлеуметБасты ақпарат

ЖӘРДЕМІ «БӘЙТЕРЕКТІҢ» ЖАНҒА МЕДЕТ

көмек

Астаналық 33 балаға жалпы сомасы 25 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. «Бәйтерек» қайырымдылық қорының акциясы әдеттегі дәстүр бойынша Астана күнін атап өткеннен кейін ұйымдастырылды. Өйткені, қаражат мереке күндері өткізілген түрлі мәдени шараларға сатылған билет қаржысынан құралды. Демек, науқас сәбилердің дертіне шипа беріп, ата-аналарының үміт отын жағатын ізгілікті іске әрбір елордалықтың, қала қонақтарының қосқан үлесі бар.

Акция 2009 жылдан бері 96 ба­лаға 103 500 000 теңгенің жәрдемі берілген екен. Олар республика аумағындағы және Қытай, Ресей,

Израиль, Германия сынды шетел­дердегі медициналық мекемелерде жоғары білікті дәрігерлік көмек алыпты.

– Биыл да жетпістен аса өтініш түсті. Арнайы комиссия мүшелері сараптай келе, тиісті ем-домын алса, жазылып кетуге үміті бар деген отыз үш балаға қолдау көрсетуді жөн деп тапты, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаева.

Сертификатқа ие болған бала­лардың кейбірін тек шетелде емдету қажет. Оның бағасы да арзан емес. Соның бірі Алмагүл Нарбу­ти­наның 2008 және 2010 жылдары дү­ниеге келген екі сәбиі де остео­генез ауруына шалдыққан, қара­пайым тілмен айтқанда, сүйектері сын­ғыш, боркемік. Оның дауасы – памидронат, тек Ресейде шыға­ры­лады. Осындай диагноз 2009 жыл­ы туған Аружан Оразбековаға да қо­йылған. Аружанның құрдасы Дияр Се­ріковтің құлағы мүкіс. Енді сандық есту аппаратын алу үшін бөлінген қаражат Диярдың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік ашады.

Көмекке мұқтаж сәбилердің дені – цереберальды сал ауруы­на шалдыққандар. Егер ерте бас­тан дәрігердің бақылауында болып, оңалту орталықтарында ем алса, олардың қатарға қосылып кетуіне барлық мүмкіндік бар. Әрине, баланы да, оның ата-анасын да қажытатын бұл сырқатты жеңу үшін жылдарға созылатын сапалы ем қажет. Осындай денсаулығы дімкәс баланың бірі Аида Қоңыр қаражатқа мұқтаждық мәселесі шешілгенін естігенде, қатты қуаныпты. Анасынан сұрап білгенімізде Республикалық оңалту орталығында кезектің көптігінен жыл сайынғы емін уақытында алуға мүмкіншілік жоқ екен. Енді қолына түскен қара­жатты ол қызының денсаулығын түзеуге жұмсайтынын айтты.

Отбасындағы төрт баланың үлкені алты жасар Нұрсат Жақып­бек қан ауруына шалдыққан. Оны алда күрделі ота күтіп тұр.
Әрине, қомақты болса да, қолға тиген қаражатпен барлық мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Алайда, әкімдік тарапынан қолдау, олардың ауыр сынағына үлкен түсіністікпен, аяушылықпен қарап, көңілдеріне демеу болатыны анық. Көмек көр­сетілген балалардың ата-аналары акцияның осы адамгершілік жағына тоқталып, алғыстарын білдірді. Ал шараны ұйымдастырушылар жігері жасымаған жандардың ауыр дертті де жеңетіне сенім артты.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button