Құқық

«Жарғанат» жасөспірімдер немесе ұйқыны ұмытқан балалар қылмысқа ұрынады

Қазір жаз мезгілі. Мектеп оқушылары да демалысқа шығатын кезең. Ал бұл уақытта жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын тәртіп сақ­шыларының жұмысы екі есе көбейеді. Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге болмайды. Тыйым салынған. Бірақ оқудан қолы босаған балалардың бұл ережелерді бар­лығы бірдей сақтай бермейтіні белгілі. 

031

Тәртіп сақшыларының айтуларынша, жасөспірімдердің қолымен жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар, әсіресе, жаз мезгілінде көп тіркелетін көрінеді. Обалы не керек, полицейлер күн-түн демей қылмыспен күресудей-ақ күресіп жатыр-ау, алайда, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күн тәртібінде тұрғаны анық.
Астана қалалық ІІД Алматы аудандық ІІБ ЖПҚ Ювеналды полиция бөлімше­сінің қызметкерлері «Каникул» жедел алдын алу шарасы шеңберінде үш күн бойы қала көшелеріне рейд ұйым­дас­тырған болатын. Өткен сенбі күні тәртіп сақшыларына біз де ілесіп, бұза­қылық жасаған, түнгі 23.00-ден кейін заң­ды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерді «құрық­­тау операциясына» куә болып қайттық.
Түнгі сағат 23.30. Алдымен бір топ полиция инспекторы бар автобус қаланың Силикатный деп аталатын ауданына бет алды. Көше шамдары жарқырап тұрған жерге автобусты тоқтатқан сақшылар сол маңда орналасқан дәмханаға кірді. Әр-әр жерде сырадан сораптап, қаннен-қаперсіз отырған жастарды кездестірдік. Бір топ полицей кіріп келгенде, олар селт етпеді. Сірә, мұндай жағдайға еттері үйреніп кеткен тәрізді. Кенет, анадай жерде сыраларын сыздықтата ұрттап отырған үш бойжеткен күдікті көрінді. Мектеп оқушыларына ұқсай ма, қалай?..
Бірақ олардың сақшылардан ығатын түрі көрінбейді…
«Сырақор» сылқымдарды дәмхана­дан сыртқа шығарып, автобусқа мінгіз­ген тәртіп сақшылары олардың құжаттарын сұрап еді, өздерімен бірге болмай шықты. Сондықтан өздерінің айтулары бойынша аты-жөндерін тіркеу базасы арқылы тексеріп көріп еді, кәмелеттік жасқа толған қыздар болып шықты.
Кенет, осы сәтте екі полицей бір топ жасөспірімді автобусқа алып кірді. Бойлары сорайған бұл балалар қаладағы колледждердің бірінде оқитын жастар болып шықты. Бірақ, өздерінің айтуларынша, ешқайсысы әлі кәмелет жасына толмапты. Ал сағат түнгі 00.15-ті көрсетіп тұр. «Түннің жарымында не істеп жүрсіңдер?» деген сұраққа жауаптары дайын: «жай, қыдырып жүрміз…» 18-ге толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 23.00-ден кейін жүруге болмайтынын, тек ата-анасы немесе заңды өкілімен ғана жүруге болатынын ескерткен полицейлер оларға автобус «төрінен» орын ұсынды.

030
Біршама жерді шолып шыққан тәртіп сақшылары құдды қармағы қауып тұрған балықшылардай-ақ балаларды бірінен соң бірін әкеліп жатты. Тағатын айыбы біреу – «заң бойынша, түнгі мезгілде балалардың заңды өкілінсіз жүрулеріне болмайды». «Жарғанат» балалардың да жауаптары дайын – «қыдырып жүрміз»…
Бір мезетте шамамен 9-10 жасар велосипед мінген бала ұшыраса кетті. Полицейлер тоқтатып еді, ол, сірә, қорыққан болуы керек, жылап жіберуге шақ қалды. Бұл бала да «қыдырып» жүргенге ұқсайды.
Сағат 00.30. Біз мінген қызметтік көлік Жұмабаев көшесіне түсе бергенде үш қыз бала қарсы жолықты. Бірден тоқтадық. «Түн жарымында жап-жас қыздар көшеде не істеп жүр?!»
Үшеуін тоқтатып, жөн сұрасқанымыз сол еді, үш қыз кешірім сұрай жөнелді. Енді түн мезгілінде көшеге шықпайтындарын бір жолға жіберулерін өтінді. Бірақ сақшылар оңай көне салмады, ІІБ-ге алып кеттік. Сөйтсе, 11, 9, 6-сынып оқушыларының ата-аналары қонаққа кеткен екен, сол сәтті пайдаланып, елордадағы «Жерұйық» паркіне қыдыруға барыпты. Айтуларынша, фотоға түсіп жүріп қалай кеш батып кеткенін байқамай қалыпты.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, бүгінде кейбір ата-ана баласын қараусыз жібере салатын болған. Әйтпесе, «бір жерде жүрген шығар» дей салатын ауыл емес, үлкен қала. Астананы айтпағанда, еліміз бойынша небір қылмыстар болып жататынын, бұрындары сөздік қорымызда да болмаған педофил деген пәленің салдарынан жас балалар зардап шегіп жатқанын теледидардан күнде көріп жүрсе де, бейқамдық танытатыны қынжылтады. Тәртіп сақшылары да жауапсыз ата-аналардың немқұрайлықтарына налиды. Әйтпесе, түн ортасына дейін баласын іздемейтін ата-ана бола ма?.. «Түнде жүрген бала қылмысқа ұрынуы мүмкін. Сол себепті де ата-аналар балаларының немен айналысып жүргендерін білулері керек. Баласын түнде көшеге жібермеулері қажет» дейді тәртіп сақшылары.
Рас, балалардың қылмысқа бармауын тек полицейлер ғана қадағаламауы керек, ол алдымен ата-ананың міндеті. Сондай-ақ, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың да қадағалауын талап етеді. Себебі психологтардың айтуларынша, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның отбасында, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ерекше орын алады екен. Осындайда сабақтан тыс уақыттарда, каникул кездерінде балаларға демалыс маусымдары дұрыс ұйымдастырылса екен дейсің… Еліміздегі әртүрлі ұйымдар сабақтан қолы босаған оқушыларға арнап спорттық кешендер ашып, жарыс­тар өткізіп тұрса, жас жеткіншектердің шығармашылық қабілетін бағалайтын үйірмелер ұйымдастырса, жас балалардың жаман істерге, қылмысқа үйір болуына, тіпті мойын бұруына мұршасы болмас еді-ау…
Хош. «Каникул» жедел алдын алу шарасының үш күнінде тек Алматы аудандық ІІБ-ге қанша бала түсті?
«Шараның басты мақсаты – алкогольдік ішімдіктерді ішетін, түнгі уақытта қыдыратын жасөспірімдерді ұстау, кәмелеттік жасқа жетпегендерге алкогольдік және темекі заттарын сату, балаларды қоғамға қарсы әрекеттерді жасауға қатыстыру фактілерін анықтау, – дейді Астана қалалық ІІД Алматы аудандық ІІБ ЖПҚ Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Гүлфия Гафур. – Жедел алдын алу шарасының үш күнінде Алматы аудандық ІІБ-ге 28 жасөспірім жеткізілді. 22 ата-ана түсініктеме жазып, балаларын сол күні алып кетті. 10 бала Бейімдеу орталығына жіберілді, 2 жасөспірімге қатысты хаттама толтырылды».
«Қылмыстың алдын алу үшін де түрлі шараларды жүзеге асырудамыз. Мысалы, рейд жүргізгенде тек көшедегі балаларды ғана бақылап қоймаймыз, сонымен бірге, араққа салынған адамдардың да үйлеріне барып тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені, олардың балалары болуы мүмкін. Қылмысқа бейім жеткіншектер, көбінесе, әке-шешесі ішкілікке салынған отбасыдан шығып жатады» дейді Алматы аудандық ІІБ Ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Ғалия Шамаева.

P.S.
Түнгі сағат 01.00-де Алматы аудандық ІІБ-ге келгенімізде бір топ адамды көрдік. Көбісі – балаларын алып кетуге келген ата-ана. Арасында «жарғанат» жасөспірімдердің ағалары да жүр. Кенет, шамамен жасы 30-ға келген бір жігіт жанымдағы полиция қызметкеріне тап берді: «сендердің жұмыс істеп жатқандарыңа еш сенбеймін! Көшеде тыныш жүрген балаларды ұстағанша, нашақорларды қамамайсыңдар ма!» дейді түтігіп.
Тәртіп сақшысы «заң солай, біз заң бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Олай болса, балаларды түнгі мезгілде көшеге жібермеу керек еді» деп салмақты түрде жауап берді.
Өкінішке қарай, кейбір жұртшылықтың полиция қызметкеріне деген көзқарасы осындай…

Ғани АТЫМТАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button