Басты ақпарат

Жария тыңдауда – денсаулық сақтау жағдайы

Қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның кезекті жария тыңдауында денсаулық сақтау ұйым­дарының мемлекеттік қызметтер көрсетудегі заңдылықтарды сақтау мәселесі қаралды. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов төрағалық еткен отырысқа депутаттар, денсаулық сақтау мекемелері басшылары, қала аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

[smartslider3 slider=3251]

Хатшы жария тыңдауларды дайындау шеңберінде мәслихат депутаттары мемлекеттік қызмет көрсету бойынша халықтан көп шағым түскен бірқатар медициналық ұйымдарды бір апта бойы аралағанын жеткізді. Ол сондай-ақ соңғы жылдары медицина саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіліп жатса да, шешілмей келе жатқан мәселелер аз емес екенін атап айтты. Отырыста осы тақырыпты кеңінен ашып, депутаттар сауалына жауап беру үшін Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов­тың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтер реестріне сәйкес, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін 19 мемлекеттік қызмет түрі бар. Соның ішінде 13 қызмет БМСК, яғни бастапқы медициналық санитарлық көмек беру деңгейінде көрсетіледі. Оған емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақырту, медициналық ұйымнан анықтама, уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ және анықтама алу, трансплантация мақсатында тін және ағзаны өлгеннен кейін донорлыққа беруге келісу немесе тірі кезінде бас тартуды тіркеу, науқастарды стационарға жатқызуға жолдама, көлік құралдарын басқаруға рұқсат ететін анықтама беру, міндетті медициналық тексеруден өткізу, санаторлық-курорттық ем қажеттігі туралы ұйғарым шығару, азаматтардың кейбір санатына медициналық бұйым, дәрілік заттар мен арнайы емдік өнімдер беру, ТМККК шеңберінде Қазақстан азаматтарының шетелде емделуіне немесе оларды емдеуге шетелден маман шақыртуға жолдама берудің дұрыстығы туралы құжаттарды қарау және қабылдау жатады.

Қазіргі таңда, қаладағы халық санын есептесек, бізге тағы 10 емхана керек. Бір емхананың күшін 60 мың тұрғынға есептегенде күніне 500 адамның келуі – қалыпты процесс. Ал бізде емханаларда 80-90 мыңға дейін тұрғын тіркелген. Бұл сол маңда тағы да емхана салу қажеттігін білдіреді» деді басқарма ­басшысы

Сонымен қатар 5 қызмет стационарларда, 1 қызмет жоғары медицина колледжі және 1-еуі жедел жәрдем қызметі арқылы көрсетіледі. Осы 19 мемлекеттің 18-і автоматтандырылған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсетуде оң динамика байқалады. 2022 жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындысы бойынша барлығы 2967507 қызмет көрсетілсе, соның 12,2 пайызы қағаз, 87,8 пайызы электронды түрде көрсетілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, биыл көрсетілетін қызмет түрлері 14,2 пайызға артса, электронды түрде қызмет көрсету 11,6 пайызға көбейген.

– Жыл басынан бері біздің басқарма мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ішкі мемлекеттік басқару бойынша функцияны жүзеге асыруға кірісті. Мақсат – бақылауға алынған нысандардың кемшілікке жол бермеуіне ықпал етіп, сол олқылықты анықтап, жою. Бекітілген жоспар бойынша тексеруге 12 ұйым жатады. Бүгінгі таңда 2 медициналық ұйым тексеріліп бітті. Анықталған кемшілік бойынша жоспар жасалып, жұмыс жалғасып жатыр, – дей келе, басқарма басшысы денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселенің бірі БМСК көрсететін медициналық ұйымға халықты тіркеу екенін айтты.

Сапалы қызмет бәрІне ортақ

Елордада ерекше қажеттілігі бар адамдардың медициналық қызметке қолжетімділігі үшін медициналық ұйымдардың бәрі пандус, шақырту тетіктері, мүгедектерге арналған арбамен қамтамасыз етілген. Дегенмен кейбір емдеу мекемелеріндегі кіреберіс жолдардың жайсыздығы, тұрақтардағы орындардың жеткіліксіздігі мәселесін шешу керек.

Еуразиялық медицина қауымдастығының вице-президенті Надежда Петухова денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет сапасын бақылауды қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Депутаттар елордадағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының мүшкіл халін айтып, бұл мәселені жылдам шешу керектігін жеткізді. Алайда қаржыландыру мәселесі шешілмеген бұл орталықтың жайы бөлек тақырып етіп, көтеруді қажет етеді. Т.Мұратов оны жергілікті бюджеттен қаржыландыру үшін арнайы бөлек тариф бекіту керек екенін айта келе, бұл туралы басқарма атынан Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданғанын айтты.

Баспана мәселесі қалай шешіледі?

Медицина қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты депутаттар сауалына басқарма басшысы бұл бағытта үш жоба қарастырылып жатқанын айтып, жауап берді.

«Менің білуімше, Құрылыс басқармасы қолға алған үш жатақхананың екеуі бойынша жобалық-сметалық құжаты дайын, жер телімі бөлінген. Солардың бірінде құрылыс жүргізуге мердігер мекеме анықталды, ал бір жоба құжатын дайындау ісі әлі аяқталмады. Сондықтан әзірге тек екі жатақхана салынады деп күтіп отырмыз. Бір айта кетерлігі, медицина қызметкерлері жалақысының көтерілуі осы мәселенің 50 пайызын шешуге ықпал етті. Баспанаға мұқтаж медицина қызметкерлерінің тізімі 2020 жылдың ортасына таман 47 пайыз қысқарды. Себебі олардың көбіне пандемияның көмегі тиді, біразы несиелерін жауып, ипотекаға үй алды. Біраз жедел жәрдем қызметкерлері, пульмонологтар, реаниматологтар, инфекционис­тер баспана мәселесін шешіп алды» деді Т.Мұратов.

Теміржол ауруханасы аталатын №3 көпсалалы аурухананың 7 корпусының екеуі ғана жұмыс істеп, бесеуінің бос тұру себебін сұраған депутаттарға басқарма басшысы бос тұрғандарының үшеуі ресми түрде апаттық жағдайдағы ғимарат деп танылғанын және оларды сүріп тастауға жобалық-сметалық құжат дайындалып жатқанын айтты. Сөйтіп қаржы бөлінгеннен соң қолданыстағы екеуіне күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи талаптарға сай етіп келтіріледі.

Елордада тіс протездеу қызметін жыл сайын 4000-ға жуық мұқтаж адам пайдаланады, бірақ солардың көпшілігі материалдың сапасына шағымданады. Осыған орай, Е.Каналимов Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына әлеуметтік осал азаматтардың тістерін протездеу мәселелеріне қатысты ережелерді қайта қарап, өзгеріс енгізуді тапсырды. Оларды әлдеқайда сапалы және төзімдірек етіп жасау мәселесін пысықтау керектігін алға тартты. Сонымен қатар биыл жыл басынан бері iKomek қызметінен түскен 30 мың шағымның 20 мыңға жуығы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге қатысты болғаны белгілі болды. Хатшы соған байланысты медицина саласы ардагерлерін, қазіргі дәрігерлерді, емдеу мекемелері директорларын, мамандарды осы саланың жағдайын жақсарту үшін нақты ұсыныс дайындауға шақырды.

Тіркелуші көп, маман тапшы

Жария тыңдауда Ерлан ­Каналимов емханаларға тіркелу мәселесін бөлек көтеріп, әріптестерінен осыған қатысты ұсыныстар күтті. Ол әсіресе тіркелген халық санының әр емдеу мекемесінде әртүрлі көлемде екеніне, яғни бір емхана қызметкеріне шектен тыс салмақ түсіп отырса, екіншісіне аз адам қабылданып жатуы дұрыс еместігіне тоқталды. Осыған орай, елорданың жалпы халықты барлық емханаға теңдей бөлу туралы айтылған ұсынысқа Т.Мұратов қарсы болды.

«Қазіргі таңда, қаладағы халық санын есептесек, бізге тағы 10 емхана керек. Бір емхананың күшін 60 мың тұрғынға есептегенде күніне 500 адамның келуі – қалыпты процесс. Ал бізде емханаларда 80-90 мыңға дейін тұрғын тіркелген. Бұл сол маңда тағы да емхана салу қажеттігін білдіреді» деді басқарма басшысы.

Халық санының артуына байланысты бас қаладағы денсау­лық сақтау саласындағы өзекті мәселе – дәрігер жетіспеушілігі. Әсіресе балаларды қарайтын мамандар жетіспейтіні айтылды. Депутаттар тарапынан медицинадағы салалық дәрігерлерге кезектің ұзақтығы, тіпті олардың қабылдауына жазылу үшін кезекті айлап күту себебі сұралды.

«Бұл – өте күрделі мәселе, бізде салалық дәрігерлер жетіспейді және ол мәселе таяу уақытта шешіле қоймайды да, әсіресе балалар дәрігеріне қатысты солай. Қалада ­жылдан-жылға салалық дәрігерлерге қажеттілік бойынша тиісті кадрларға қол жеткізу қиындай түскенін бас дәрігер жасырмады. Себебі демографиялық дүмпу және миграция күшімен елорда халқы жылына 55 мың адамға көбейіп отырады. Бұл дегеніміз – астанаға жылына барлық саладағы медициналық персоналы толық, заманауи жабдықталған жаңа бір емхана салу керек деген сөз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button