Қоғам

ЖӘРМЕҢКЕ ЖҰМЫСПЕН ЖАРЫЛҚАДЫ

Қалалық Жұмыспен қамту орталығының ұйым­дастыруымен «Astana Mall» сауда-ойын-сауық орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

KBB_8930

Жәрмеңке түрлі саланың кадр қызметкерлері мен кәсіпорын басшыларының басын қосты. Құрылыс фирмалары, екінші деңгейлі банктер, мейрамхана, қонақүй бизнесі, сауда желілері секілді қызмет көрсету саласының мамандары, сондай-ақ ішкі істер органдары, білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдарынан келген 40-тан аса жұмыс беруші 260-қа жуық бос орын ұсынды. «Бұл – ұсыныс пен сұранысты қанағаттандыратын тиімді алаң. Бар-жоғы үш сағат ішінде бір ғана жұмыс беруші жүзден көп түйіндеме қабылдап, сол мезетте келушіні әңгімелесуден өткізеді. Жұмыссыздар да күні бойы бірнеше жерді аралап, аяқ тоздырып жүрмейді. Еңбекке талпынғандар үшін мүмкіндік көп. Жыл басынан бері мұндай бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің төртеуі өтті. Биыл тағы 8-ін ұйымдастыру жоспарланған» дейді Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар. Оның айтуынша, көп жағдайда бос орындар иесін таппай жатады. Бүгінгі күннің өзінде Жұмыспен қамту орталығының мәліметтер базасында 3000-нан аса вакансия тіркелген. Ал жұмысты белсене іздеушілер саны мыңға жуық. Бұның түрлі себебі бар. Көбіне жұмыссыздар жалақы сомасын місе тұтпайды, ме­кеменің мекенжайы үйден алыс деп жатады. Осы тұрғыда жәрмеңкеге ке­лу­шілердің бірсыпырасымен тілдесіп көрдік. «7 жыл мемлекеттік қызметте жүрдім. Жұмыссыз қалғаныма 7 айдың жүзі болды. Дағдарыстың салдары шығар. Интернеттен тапқан орындарға хабарласқанда «кісі алып қойдық», «фирма жабылып қалды» деген жауап­тарды жиі естідім. Кеше ғана Астана әкімдігінің сайтынан қаладағы іс-шаралар кестесін қарап отырып, жәрмеңке жайлы білдім. Мұнда архитектор жұмысын қарастырып жүрмін. Мамандығыма сай тек дизайнер орнын таптым. Жұмыс – күнделікті қажеттіліктердің өтеуі ғой. Сондықтан талғап жүретін уақыт жоқ. Дизайнерлікке қабылдамаса, кез келген еңбек түріне әзірмін» дейді Қайрат Жұмабаев. Тәрбиеші, сатушы, электрик, құрылысшы сияқты вакансия ұсынған үстелдерде кісі қарасы көп жиналған. Ал, №1 қалалық балалар ауруханасынан келген кадр қызметкерінің алдында бірді-екілі резюме ғана жатыр екен. «Педиатр, анестезиолог, гематолог, кардиолог, аллерголог дәрігерлер қажет. Бірақ, жәрмеңке басталғалы медициналық білімі, еңбек өтілі бар мамандар жолықпады. Екі-үш мейірбике ғана келді» дейді аталмыш мекеменің кадр қызметкері. Ал, №73 «Аяу­лым» балабақшасы мең­герушісінің шаруа ісі жөніндегі орынбасары «Музыкалық жетекші, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, медбике сынды 7 бос жұмыс орнына жарты сағат ішінде 21 адам үміт білдірді. Әңгімелесу барысында оларға жұмыс кестесін, орналасқан жерін түсіндіріп, мекеме талаптарымен таныс­тырдым. 15 адам осы жерден шығып, бірден балабақшаның қабылдау бөліміне тартыпты» дейді.
Жәрмеңке барысында жұмыс іздеп келген 1386 адам тіркелді. Шара қо­рытындысы бойынша 75 адам жұмысқа орналастырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығына жүгінген 4810 астаналықтың тең жартысы еңбекпен қамтылды. 63-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 220 түлек «Жастар тәжірибесіне» жіберілді, 919 адам қоғамдық жұмыстарға қатысса, 307 азамат қайта оқыту курстарынан өтіп жүр.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button