Қоғам

Жәрмеңкеде баға арзан

Жамбыл облысының ауыл шаруашылық өндірушілері Нұр-Сұлтанға 500 тоннаға жуық өнім әкелді. 3-қыр­күйекте елордада өткен ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде Жамбыл облысының өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Облыстың ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатты, соның нәтижесінде өнімнің бағасы 10-20%-ға төмен болды.

[smartslider3 slider=3889]

Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов биыл жәрмеңкеге 423 миллион теңгеге 495 тонна өнім әкелінгенін айтты.

«Елордаға біздің өңірден 90-нан астам кәсіпкер өз өнімдерін әкелді. Олардың арасында жылқы еті, сиыр еті, қой еті, тауық еті, шұжық өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, балық, бал және өзгелері бар. Жамбыл облысынан әкелінген барлық өнім нарықтан 15-20%-ға төмен. Сонымен қатар, біз осы жәрмеңкеге Меркідегі зауыттан қант жеткізуді ұйымдастырдық. 10 тонна қант әкелінді, ол килограмына 480 теңгеден сатылды» деді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылық өндірушілері астаналықтар үшін алдағы уақытта қолжетімді бағада көкөніс пен жеміс-жидек сатуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай жәрмеңкелер тек тұрғындарға ғана емес, өндірушілердің өздеріне де пайдалы. Мысалы, Мәлік Жұмағұлов өз өнімін Шу ауданының Төле би ауылынан жеткізді.

«Біз елордаға жәрмеңке басталардан бір күн бұрын келдік. Бүгін таңғы 7-ден бастап жұмысқа кірістік. Қарбыз, пияз, сәбіз, қауын жеткіздік. Біз қарбыздың килограмын 100 теңгеден сатамыз. Пияз да 100 теңгеден. Супермаркеттерде пияздың бағасы 150-160 теңге шамасында болса, біз оны 90-100 теңгеден сатамыз. Бұл жәрмеңкеге біз 11 тонна қарбыз әкелдік. Қала тұрғындары біздің өнімдерімізді ұнатып жатыр. Осыны ұйымдастырған әкімдікке ерекше алғысымды білдіремін» деді ол.

Жәрмеңкеге таңертең келген қала тұрғыны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, тауарлар мен бағалар туралы өз ойын жеткізді.

«Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Жұрт Жамбыл облысынан жеткізілген тауарлардың сапасына өте риза. Бағалар қолжетімді. Маған қарбыз бен қауын ұнады. Сүт өнімдерінің, еттің неше түрі бар. Сондай-ақ 480 теңгеден бірнеше килограмм қант сатып алдым» деді қала тұрғыны.

Елордадағы өңірлердің ауыл шаруашылық өндірушілерінің жәрмеңкесі апта сайын жалғасады. Осы аптада астаналық тұрғындарға Қызылорда облысының өнімдері ұсынылады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button