Елорда тынысы

Жәрмеңкеге 10 000 адам келді

17-21 тамыз аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында «Kids EXPO. Балалар әлемі» балаларға арналған тауарлар жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңке ашылғаннан бері көрмеге 10 мыңға жуық адам келді. Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аясында өтіп жатқан көрмені Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ұйымдастырған.

[smartslider3 slider=3780]

Кеше EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «Kids EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаев, ­Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұргүл Ахметова, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Ләззат Орынбасарова қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

«Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесінде ата-аналар балаларға қажеттінің бәрін: кеңсе тауарлары мен мектеп формасын, ойыншықтар мен дамыту ойындарын, киім мен аяқ киім сатып ала алады. Барлығы бір жерде және қолжетімді бағамен сатылады.

«Мұнда ата-аналар мен балалар үшін қызықты шеберлік сыныптары, аниматорлармен ойындар, спорт ойындары және ауқымды мәдени бағдарламалар өтеді» деді «QazExpoCongress» ұлттық компания­сының баспасөз хатшысы Гүлжан Сергибаева.

Бес күн бойы мұнда кітап, кеңсе тауарлары, тоқыма, білім беру, ­ойын-сауық индустриясы және т. б. салалардың 100-ге жуық қатысушысы өз тауарларын, соның ішінде 30-ға жуығы төмендетілген бағамен тауар­ларын ұсынуда.

Жәрмеңке барысында келушілер үшін арнайы ақпараттық-мәдени және спорт бағдарламалары ұйымдастырылады. Оған қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысуда. Біз көрмеге барған күні келушілерге Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы насихатталды. Сонымен қатар педагогикалық психологтарға арналған панельдік сессиялар, кітаптардың, оқыту әдістемелерінің, мектептердің тұсаукесері, сонымен қатар тренингтер мен шеберлік сыныптары, байқаулар, балалар және мектеп киімдерінің көрсетілімі өткізілді. Жәрмеңкеге Marwin, Abdi, FasTracKids, Utaria, CAES, Роботек, Foliant, «Алматыкітап» және басқа да ірі брендтер қатысты.

Көрме «Kids EXPO. Балалар әлемі» халықаралық көрме орталығында 17-21 тамыз аралығында сағат 12.00-ден 21.00-ге дейін өтеді. Кіру тегін. Мұнда балалар креативті орталықта сурет салудан, қолөнерден, тіпті балалармен бірге ересектер де әртүрлі бағытта қосымша шеберлерден сабақ алады. Қапы қалмаңыздар! Көрме туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқисыздар.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button