Қала мен СалаҚала тіршілігіЭкономика

Жәрмеңкенің бағаға әсері болды ма?

Күн санап емес, сағат сайын қымбаттаған азық-түлік бағасын ауыздықтау мүмкін бе? Елорда инвестиция үшін тартымды қала дейміз, алайда індет шетелдік инвесторлар қызығушылығын төмендетті. Енді не істеу керек? Осы және өзге де өзекті сауалдарға Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан БАЛТАЕВ жауап береді.

– Жұрт «мемлекет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін нендей әрекет жасап отыр?» дейді. Айтыңызшы, бұл сұрақ қаншалықты орынды? Жалпы нарық заманында бағаны уысында ұстап отыру мемлекет қолынан келе ме?

– Елордада қала әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен биыл 8,6 млрд теңге тұрақтандыру қорына берілді. Сол бағытта «айналымдағы механизм» жобасы аясында жұмыс жүргізудеміз. Әлеуметтік кәсіпкерлік қоры соның операторы болып табылады. Сонымен қатар Magnum, Aqmol сияқты сауда желілеріне қаржы бөлу арқылы тауарлар бағасын тұрақтандырып жатырмыз. Тұрақтандыру қорының негізгі мақсаты бағаны өсірмеу емес, бізде нарықтық экономика болғандықтан, баға нарыққа байланысты қалыптасады. Дегенмен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге көмек болсын деп осындай шараларды атқарып отырмыз. Тағы жыл сайын жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Елорда аграрлық өңір емес. Көкөніс өсіру бойынша жобаларымыз жоқ. Сондықтан оңтүстік өңірлермен тікелей жұмыс істейміз.

Бүгінде өңірлердің қолдауымен қаламызда 13 жәрмеңке өтті. Қазіргі таңда 2 жобамыз бар. Қалада 2 жылыжай салынады, бүгінде оның саны саусақпен санарлық. Жылына 10 мың тонна өнім шығаратын 2 жылыжай бағаны тұрақтандыруға септігін тигізеді деген ойдамыз. Азық-түлік бағасы – өте үлкен мәселе. Халықтың қарны тоқ болса, «нан болса ән де, күй де болады» демекші, еліміздің әлеуметі тураланған сайын халықтың да жағдайы оңалады. Әлеуметтік тауарлар бағасын қолжетімді етсек, әрбір отбасының айлығы шайлығынан асатын болады.

– Ақмолалық тауар өндірушілер астаналық жәрмеңкеге өткен аптада 460 тоннадан астам өнім, ал оның алдында Солтүстік Қазақстан облысы 1200 тонна тауарын ұсынды. Оның тоннасын қалай есептейсіздер? Әлде бұл бәсекеден туған жасанды, құлаққа жағымды цифрлар ма?

– Әр өңір әлеуетіне сай өнім әкеледі. Сондықтан бәсекеден деп айту қиын. Маркетингтік тұрғыдан, халыққа өңірдің өнімін көрсету мақсатында сондай көлемде алып келеді. Әр тауардың сертификаттары болады, оны әр облыс өздері бергендіктен сенімді ақпарат деп ойлаймыз.

– Ақжағалылар басқармадан келген кезде жәрмеңке бағасы басқа да, сіздер кеткеннен кейін басқа. Осындай олқылықты жасырын сатып алушы жіберіп болсын, тексересіздер ме? Жалпы мұндайдың барын білесіз бе? Жәрмеңкеде таразыдан жейді дейді жұрт. Түстен кейін барыңызшы, Еуразия сауда орталығының саудагерлері тауарларын сатып тұрады. Неге? Әлде бұған көз жұма қарайсыздар ма?

– Жәрмеңкеде баға үй жанындағы дүкендегісімен салыстырғанда 10-15 пайызға төмен. Ондай болмаса, күннің суығына қарамастан жұрт ертемен осында жиналмас еді. Бағаларын тексеретін волонтерлер бар. Өтініштерді ескереміз. Мәселен, мұнда жарық керек екен, оны ескеріп, келесі жылы дұрыстаймыз. Таразыға тоқталсам, болашақта жәрмеңке кіреберісінде арнайы таразы қою жоспарда бар.

Атырау облысы жәрмеңкеге көкөністер әкелмеді. Ал жәрмеңкеге келген адам барлық тауарды сатып алғысы келеді. Сондықтан жәрмеңкеде жергілікті сатушыларды, тауар өндірушілерін байқап қаласыздар. Бұл келісілген, жәрмеңкеге өңірлік тауар өндірушілермен бірге жергілікті кәсіпкерлер де қатысады.

[smartslider3 slider=761]

– Бұған дейін астанада 87 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтқан едіңіз. Инвестициялық қаржы қай салаларға бағытталған? Олардың нәтижесін қашан көреміз?

– 2019 жылдың тамызынан елордада 21 аймақтық инвестициялық кеңес өтті. Соның шеңберінде 150-ге жуық инвестициялық жоба қолдау тапты. Қазір осы бағытта жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда білім саласына деген қызығушылық жоғары, 50-ге жуық жоба жүзеге асуда. Одан бөлек логистикалық орталықтар, келесі, ауылшаруашылық өнімдер шығару, қоймалар салу, сыр зауыты, сүт зауыты, кондитерлік фабрикалар бойынша жобаларды іске асырып жатырмыз. Қаламыз негізгі тамақ өнімдерінің жылына 750 мың тоннасын тұтынады. Соның 30 пайызға жуығын астанада өндіреміз. Сонымен қатар құрылыстың қарқыны жоғары деңгейде. Зерттеу жүргізгенімізде әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан астаналар ішінде Нұр-Сұлтан қаласы Әбу-Дабимен тең дәрежеде екенін анықтадық. Жылына 3 миллион шаршы метр тұрғын үйдің ғана құрылысы бітіп жатса, одан бөлек тағы қаншама құрылыс аяқталып жатады. Бұл халық санының өсуіне және нарыққа оң әсерін тигізеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button