Ел тынысы

Жарнамалағандар жеті жылға сотталады

Кеше Мәжілісте қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимылды күшейтетін заң жобасы қабылданды. Заң күшіне енгенде қаржы пирамидаларын жарнамалағандар 3-тен 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

[smartslider3 slider=3198]

Талқылау кезінде депутат Дания Еспаева блогерлер, вайнерлер және басқа да қоғамдық пікір көшбасшылары қазақстандықтарды қаржы пирамидасына тартқаны туралы айтты. Әріптесінің сұрағына жауап берген депутат Юрий Ли Қылмыстық кодекстің 217-бабына тиісті түзетулер енгізіліп, заң қатаятынына мысал келтірді.

«Осы баптағы тәртіп күшіне енгеннен кейін танымал адамдар, блогерлер, вайнерлер және басқа да тұлғалар белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде әлдеқайда сақ болып, жауапкершілікпен қарайтынына сенімдімін. Оның үстіне бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеледі» деп түсіндірді Ю.Ли. Яғни, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, 2000 АЕК (6 126 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, 4-бөлігіне сай қылмыстық жаза – үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу көзделген.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары билік өкіліне бағынбаған жағдайда азаматтарға қатаң жаза қолданылатын өзгерістерді де мақұлдады. Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанованың айтуынша, өзгерістер қаңтар оқиғасынан кейін енгізілген. Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер билік өкіліне бағынбағаны үшін, оған қатысты күш қолданғаны үшін, төтенше жағдай кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктер барысында және антитеррористік операция жүріп жатқан аумақта қастандық жасағаны үшін тағайындалатын жазаны қатаңдатады» деп түсіндірді ол. Қазіргі Қылмыстық кодекстің 379-бабы бойынша ТЖ кезінде билік өкіліне бағынбағаны үшін 2 000 АЕК көлемінде (6 млн 360 мың теңге) айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Депутаттар бұл норманы қатаңдатып, бас бостандығынан айыру мерзімін 1 жылға, яғни 3 жылға дейін ұзартқан. Сонымен қатар заңға «жаппай тәртіпсіздік кезінде» деген сөз қосылып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button