Мәдениет

Жарқын балет – «Дон Кихот»

15-16 қарашада «Жібек жолы» халықаралық фестивалі аясында «Астана Опера» сахнасында Л.Минкустың «Дон Кихот» спектаклі зор жетістікпен өтті. Хореографиялық редакция «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованікі. 

Әртістердің екі құрамы да керемет өнер көрсетті. 15 қарашада Китридің бейнесін «Астана Операның» жетекші солисі Мәдина Басбаева сомдаса, Базильдің партиясын әлемдік балет жұлдызы Бақтияр Адамжан орындады.

– «Дон Кихот» – техникалық тұрғыда керемет жабдықталған, жарқын сәттерге толы  классикалық балет. Мұндағы Базильдің рөлі табиғатыма өте жақын деп айтар едім, себебі мен де шынайы өмірде қалжыңдасқанды жақсы көремін, үнемі позитивті ойда жүремін. Сахнада жас жігіт Базиль шаштараздың Китриге деген ыстық махаббатын, олардың  арасындағы әзілді  көрсетуге тырыстым. Қазіргідей салқын ауа райында Барселонаның жылуы мен күн шуағын төккен бұл спектакль көрермендер үшін нағыз сый болғаны анық, – деді  «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан.

16-қарашада басты партияларды таныстырған Беларусь Үлкен театры сахнасының шеберлері де өз пікірлерімен бөлісті.

– «Астана Операдан» керемет әсер алдым. Мұнда өзімді өнердің ордасына келгендей сезінемін. Ұжымдағы ішкі атмосфераның өзі бізге аздап үйреншікті емес, өйткені барлығының күш-қуаты тасып тұр, бәлкім, бұл әртістердің өз кәсібіне деген махаббатынан шығар. Соған қарап, біз де тау қопарып, өзімізді көрсеткіміз келеді. Спектакль алдында қобалжу бар, көрерменмен барымызды бөлісуді қалаймыз, – деді сахнаға шығар алдында Людмила Хитрова.

– Қазақстанда көптеген фес­тивальдер өтеді, мұнда мәдени өмір қайнап жатыр, бұл әртіс­тердің дамуына, тәжірибе алмасуға өте жақсы. Сонымен қатар, бұл көрермендер үшін мереке, олардың түрлі елдерден орындаушыларды көруге мүмкіндігі бар, – деп пікірін қосты Дмитрий Уксусников.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button