Әлеумет

Жарқын бейнесі – жадымызда

Сенбі күні, 2013 жылдың 1 маусымында әріптесіміз, Арқа өңіріне танымал журналист Наталья Зеленья 42 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті. Өте сыпайы, сезімтал, адамгершілігі мол жаннан қапыда көз жазып қалғанымыз қабырғамызды қатты қайыстырды.

Наташа – айналасынан ұдайы жақсылық, ізгілік иелерін іздейтін, әрдайым игі жақ­сы­ларға жуық жүретін. Содан да бо­лар, кеңдік, адалдық, бауырмалдық дей­тін толып жатқан жайсаң мінездің жақсы белгілері Наташаның бір өзінің бойынан табылатын. Ұлты орыс болса да, қазақы ортада тәрбиеленгендіктен бе екен, мемлекеттік тілде еркін сөйлегенде мейірленіп қалатынымызды қалай жасы­райық?! Біз оған ұзақ жыл «Вечерняя Астана» газетінде еңбек еткен жылдарда куә болдық. Кейін ол қалалық, рес­­публикалық деңгейдегі түрлі басылым­дарда тілші қызметін атқара жүріп, ойлы мақалаларымен оқырмандарының жүрегінен жол тапты. Өзі еңбек еткен ортаға ғана емес, жалпы көпшілікке қадірлі азамат еді…

Ботадай көздерінен шуақ, күлімдеген жүзінен мейірім төгіліп тұратын. Өз ісіне жауапты әрі ұқыпты ол айнала­сын­дағыларға қашанда қамқорлық танытып, қолынан келгенінше көмек қолын созып жүретін. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен Наташа әу бастан өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүргендей. Ол жаны шуақты, жүрегі шырақты кісілермен пікірлесуге, араласуға аса құштар-тын. Ал, дос-әріптес дегенде шығарға жаны бөлек еді… Осындай адамнан айрылу – біз үшін өте ауыр жағдай. Сондықтан, сенің орның ойсырап тұр.

Біз сені сағынамыз, қайғырамыз, жоқ­­таймыз… Біздің көңіліміздегі адал дос­тықтың үлгісі – сен ғана. Аз ғұмы­рында адамдықтың үлгісін көрсетіп, жүрек қа­лауымен таңдап алған қиын да қы­зық­ты, ауыр да абыройлы мамандықтың мәр­тебесін көтере білген оның жарқын бейнесі, жанындағыларға сіңірген өнегелі істері әрқашан да біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ортамызда жоқ болсаң да, мәңгілік жүрегіміздесің, Наташа!!!

«Астана ақшамы» газетіндегі
бір топ әріптестері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button