«Жарқырайды Жаңа жыл» концерті өтті
Астана қаласы Байқоңыр ауданындағы «Өндіріс» тұрғын үй алабында «Жарқырайды Жаңа жыл» атты концерт өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы және Астаналық цирк өнерпаздары тұрғындар үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Соның ішінде халықаралық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Алтынбек Арыстанбек, Құралай Мейрамбек, Анель Смаилова, Парасат Отан, Әкімхан Мәженов, Қымбат Жамбылбек және басқа да әншілер ашық аспан астындағы сахна төрінде өнер көрсетті.
«Бүгін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымының классика және эстрада бөлімі елордалықтармен қыстың салқын күндерінде жан жылуын бөлісіп, мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін әсем әндерімізді орындадық. Тұрғындар концерттік алаңға жиналып, бізбен бірге ән айтып, би билеп, бір серпіліп қалды. Сонымен қатар жиналған көпшілікті келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтай отыра, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледік. Келер жыл бәріміз үшін қуаныш пен бақытқа толы болсын!» – деді Халықаралық байқаулардың лауреаты, классикалық вокал бөлімінің солисі Алтынбек Арыстанбек.
Сондай-ақ осы концертте өнер көрсеткен әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Әкімхан Мәженов Астана қаласы тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер мен бастамалар жылы болсын. Баршаңызға денсаулық пен бақыт, табыс және қуаныш тілеймін. Бүгінгі концерт елордалықтарға шат-шадыман көңіл күй сыйлады деген ойдамыз», – деді ол.
Ал ертегі, мультфильм кейіпкерлері кейпіндегі Астаналық цирк өнерпаздары ата-аналарымен концертке келген балаларды мәз-мейрам етті.
Айта кетейік, дәл осындай жаңа жылдық концерттік бағдарламалар елорданың басқа да аудандарында өтіп жатыр. Бұл іс-шаралар мереке қарсаңында тұрғындардың отбасылық көңілді демалысын ұйымдастыруға үлкен үлесін қосып отыр.