Sport

Жарқырашы, Жұлдыз!

Олимпиада дүбірі күн санап жақындап келеді. 27 шілде күні Лондон төрінде ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Қазақстан спортшылары осынау байрақты бәсекеге дайындықтың соңғы циклын өткізуде.

Ел намысын қорғайтын саңлақтар қатарындағы елордалық спортшыларға да ар­тып отырған үмітіміз зор. Солардың бірі – әйелдер күресінен сынға түсетін Жұлдыз Ешимова.

Бүгінгі таңда Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ата­нып жүрген Жұлдыз Ешимова боз кілемге жеті жасында келген. Табиғатынан елгезек болып туған қаршадай қыз күрес мектебін Қырғыз елінің Талас елдімекенінде бастаған. Бірақ онда балалар жары­старында ғана көзге түсіп үлгерді.

Жұлдыздың бағын ашқан Литвада өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир болды. Осы жарысқа Қазақстан командасын апарған тәжірибелі бапкер Саржан Жақсыбеков боз кілемде бұлқынған Жұлдызға ерек­ше назар аударады.Әңгімеге тар­тады. Әкесі қазақ, анасы қырғыз дарынды қыз біздің бапкердің ағалық ұсыныс-тілегін қуана-қуана қабылдайды. Содан бері Қазақстан туы астында күресе бастайды. Білікті бапкер жап-жас қыздың бойындағы талантты танығаны сондай, туған қарындасындай қамқорлығына алып, мақсатты жаттығуларға кіріседі.

Үміт пен сенім көп күттірген жоқ. Жұлдыз Ешимова жастар арасында Қазақстанның чемпи­оны атағын жеңіп алды. Азия біріншілігінде де жүлдегерлер қатарынан көрінді. Араға жыл салып ересектер жарысына да кірісіп кетті. 2010 жылы Жұлдыз кіші әлем чемпионатына баланатын Иван Ярыгин атындағы Гран-При турниріне қатысып, екінші орынға ие болды. Азия біріншілігінде де осындай жетістікке жетті.48 келі салмақта тағы да алдына жан салмады. Құрлық чемпионатында күміс медаль алды.

2004 жылғы Афины олимпиада­сынан бастап әйелдер күресінен сайыстар өткізіле бастады. Содан бері Жұлдыз бен оның бапкері Саржан Жақсыбеков Олимпиада ойындарына қатысу мақсатында тер төкті. Ол үшін алдымен 2011 жылы Түркияда өтетін әлем чем­пионатында сәтті өнер көрсету керек болатын. Бапкер мен шәкірттің мақсатты дайындығы еш кетпеді. Үміт ақталды. Жұлдыз Ешимова әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл астаналық балуан қыздың Лондон ойындарына лицензия ұтып алған бақытты жарысы болды.

– Мен өмірімдегі ең үлкен мақсатыма жеттім. Олимпиада ойындарына қатысатын болдым. Ал енді осы жарыста Қазақстанның туын биіктен желбіретсем, яғни жүлдегер атанып келсем, бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәт болар еді. Мен сол үшін бар күшімді жұмсайтын боламын, – дейді боз кілемнен бақытын іздеген Жұлдыз қарындас.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button