Имантаразы

Жарты құрманың жыры

«Бүгін тағы палау ма-а-а?!». жігіт ағасының осы сөзіне мешіттегілер де, даяшы да тіксініп қалды. Ауызашарда күнде бір мәзірден шаршаса керек. Әйтпесе, Әзірет Сұлтан мешіті әртүрлі тамақ беруге тырысады. «Нұр Астанадағы» ифтардан «Шатырда отырасың, суық екен…» деп кетіп бара жатқандарды көрдік. Ауызашарда бір апа өз стақанына су, кесесіне шәй, менікіне қымыз құйып алды. Менің кесеме қосымша шәй құйғызып қойды тағы. Бүгін қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде осы жайларды ортаға салғымыз келді. Ауыз­ашар әдебіне сай емес, майда-шүйде, бірақ жүйкеңе ши жүгіртетін жағдайлар алдымыздан жиі шығып жүр…

Аталған мешіттерден бөлек, Шұбар шағын ауданындағы құлшылық үйінде де ауыз аштық. Ынсап қалмай бара жатқанына қынжыласың. Тағы бір мешітте жасы жетпістердегі әже сөмкесіне алма, банан, кәмпиттерді сала берді. Тәрелкесінде картөшке де елдікінен көп. Бір қыз «басқалар да ауыз тисін» деп жөнін айтып еді, бекер сөйледі. «Көп біледі екенсің, көрдік, тыныш отыр» деп тыйып тастады. Немерелеріне екен. Ол кісінің құлыншақтары Алланың үйіне келмейтін көрінеді. Мешітте құлшылық жасап, талонды таласып алғандар тамақсыз отырады. Анау екі әжейдікі тіпті астамшылық сияқты. Мешітке аяқкиімімен кіріп барады. Күзетшіні тыңдар емес…
Ораза ұстағандармен бірге ауыз бекітпегендер де ауыз ашып жүр. Бұл енді ардың мәселесі. Бір жағы мешітке мұқтаж емес жан бармайды ғой. Үйінде жай-күйі жоқ адам келеді. Сосын ифтар берушіге кімді тойдырса да, сауап. Астанаға алғаш келген қызметкер 3-4 рет мешіттен ас-ауқаттанды осы айда.
Бір байқағаным, ақшам намазында сапта санаулы адам тұрамыз. Ал ауызашарда толып отырамыз. Тіпті, әйелдер мен ерлер залында намаз уақытында намаз оқымай, отыра беретіндер де бар. Парызды оқып, сүннетке қарамай, кетіп қалғандарды да көрдік. Мешітте қорылдап ұйықтап жатқандарды да аңғардық. Күзетші кеп оятқанда, қысылып қалған бикештер де болды.
Ауызашарда тыңқиып ап, құптан мен тарауыққа қара­май, үйіне зытқандарды көзі­міз көрді. Әйтпесе, аталған құлшы­лықтардан кейін арнайы автобус үйіңе жеткізіп салады.
Ифтарға орамалсыз барып, құранда жалаңбас отырған қыз­ды да шыққыр көзіміз шалды. Дастарқанда «анау дәмді, мынау дәмсіз» деп жұтынып, қасындағы көршісінің табағына ештеңе қал­дырмағандар да кезікті.
Әйел адам алса тағы мейлі, үй­дегі ботақанына деп, біраз дүние қалтасына салған ағала­рымды да байқадым. Мешіттегі дәм, тіпті су да өзгеше ғой. Сол үшін құмбыл шығар…
Ауызашар беру – өте үлкен сауап. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Кімде-кім бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Сол ораза адамның сауабындай сауап бұған да беріледі» дегенінде, сахабалардың кейбірі аузы берік бір адамға да ауызашар беретіндей жағдайы жоқ екендігін жеткізді. Оларға Расулуллаһ былай деп жауап берді:
«Бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де осы сауап жазылады» (Бәйһақи). Тағы бір хадисте былай келеді: «Рамазанда бір қонаққа ауызашар берген адамға Сырат көпірінен өту оңай болады» (У.Нәжат). Пайғамбарымыз алейһиссалам «Рамазан айында аузы берік адамға су беріп, аузын аштырған адам, анасынан жаңа туғандай күнәсіз болады» дегенінде, сахабалар: «Суға тапшылық болған кезде ше?» деп сұрады. Пайғамбарымыз алейһиссалам оларға «Қаласа өзен жағасында берсін, бәрібір» деп жауап берді. Осындайда есіңе Ақтөбедегі 150 көше сыпырушыны дастарқанға шақырып, сауапқа кенелген жан оралады.
Біз көңілде жүрген көп кірбіңді тіздік. Бұған дін өкілдері не дейді? Өңірлерде тегін ауызашар бар ма? Әлде елордада ғана ма? Осы оймен бірнеше кісіні сөйлеттік…

Сіз не дейсіз?

Ербол Әбдуахитұлы, «Нұр Астана» орталықмешітінің наиб имамы:

  • Ғалымдардың пәтуала­рын оқыған абзал. Пайғамба­рымыздың хадистерінде де көрсетілген. Оразасын аш­қан мүміннің қарны тоюы, асқазанның үштен бірі толғаны абзал. Ал жарты құрма – еш мүмкіндік болмағанда ғана. Осыны жақсылап тү­сінген дұрыс. Егер дініміз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір нәрседен тыйылуды айтса, тыйылғанымыз жөн. Ысырабы, кесапаты тиеді. Хадисте «Кімде-кім ауыз аштырса, ораза ұстаушының сауабындай сауап алады. Бұдан ауыз бекітушінің сауабы бір мысқал да кемімейді» делінген. Өзіне жұпыны болса да, ауызашар жасаған отбасына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Үйлеріңде ораза ұстаушылар ауыз ашсын. Астарыңды тақуа кісілер жесін. Сонда періштелер күнәларыңның кешірілуіне дұға етеді» деп бата береді.
    Ал ораза ұстамаған адам барса, оқасы жоқ. Ауызашар ораза ұстаушылардың хақысы екені анық. Алайда бүгінгі таңда ауыз­ашар дастарқандарында түрлі тақырыптарда уағыз-насихаттар жасалып, дұрыс, сенімді діни мағлұматтар айтылады. Сондықтан, ол азаматтардың рухани өміріне жақсы әсер қалдыруы мүмкін.
    Ораза ұстаудың да өзіндік этикасы бар. Кей нәрсенің анық-қанығын білмей жатып, дүрлігіп, сөз қосып, елді шулату оразаның сауабын құралақан қалдыруы бек мүмкін. Хадистерде айтылуынша, арақ-шарабын тоқтатпаған жанның, ата-анасына тиісті құрметін жасамаған мұсылманның, ораза ұстай тұра, күнәдан тыйылмаған кісі мен ағайынның арасына жік түсіруші, араздастырушының – осы төрт түрлі ораза ұстаушының оразасы қабыл болмайтыны айтылған.
    Үйіне тамақ таситындарға қатысты айтсақ, әр нәрсенің қана­ғат қайыры бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дастарқанда өзіңнің алдыңнан ғана ал» деді. Жоқшы­лықтан адам көп нәрсеге барады. Үйінде болмаса, ифтардан тасыды деп кінәлай алмайсың.
    Ал сүннет намазын оқымай, тамаққа асықса, айып жоқ. Пайғамбарымыздың өзі: «Ауыз ашуға асығыңдар!» деген. «Намаз оқымаған адам ораза ұстамасын» деген де хадис кезікпейді.

Бақытжан АЙСАНҰЛЫ, жеке шаруа қожалық иесі:

  • Астанада тегін ауызашар барына қуанып жатырмыз. Біздің Алматы облысы Панфилов ауданы Ават аулы өзіміз қолға алдық. Біздің ауылда бай, мырза кісілер көп емес. Бірақ әр жылғы ұжымдар бөліп алдық. Өткенде әр үй 20 000 теңге шығарып, 1977-ші жылғылар жасадық. Оның алдында 1976-шы жылғы бауырым Бауыржандар өткізді. Қой аламыз. Нан пісіріліп, ет асылады. Ең керекті деген тағамдарды қоямыз. Ауыз бекіткендермен бірге ораза ұстамаған үлкендерді де өзіміз шақырамыз. Ол да сауап. Әрі ғибратты әңгімесін жастар тыңдаса дейміз. Жас та, кәрі де тарауықтан қалмайды. Ақша әр жолы өз қалтасынан шыққандықтан, ысырап жоқ.

Данияр БАРЫС, әнші, «Қазақстан дауысының» финалисі:

  • Шымкентте 150 адамға ас беріп, зор сауап жасаған кісіні көрдім. Оңтүстікте ауыз­ашар беру дәстүрі жақсы сақталған. Жеңгелерім самау­рын қайнатып, 30-40 адамға нарын дайындайды. Бір кеште 10-15 зуала қамыр жайып жүр. Әрі өздері шаршамайды да, сауапшылық қой. Мешітте ауызашар беріп жатқан бауырларыма Алла қарасса екен. Сіз айтқандай оғаш әрекеттер мұнда да бар шығар. Бірақ мен бүкіл Рамазан бойына теріс әрекеттер көрмеймін. Өзіме рияға жоламаймын, ғайбат айт­паймын деп уәде етіп ем. Әр мұсылман осылай жасаса, ізгілік орнайды.

Қарлыға ИБРАГИМ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button