Қоғам

Жарылысты тоқтатқан жарлық

Тәуелсіз Қазақстанның тарихын 1991 жылдан бастап тарқатсақ, дәл сол жылы ел өмірінде орын алған елеулі оқиғаларды айналып өте алмаспыз. Сол бір қой жылының тамылжыған тамыз айы аяқталар шақта Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазақ даласын қырық жылдан астам уақыт улаған Семей полигоны жабылды. Қоңыр күз туғанда, қазақ баласы алғаш рет ғарыш көгіне самғады. Ал желтоқсан айында ғасырлар бойы аңсаған азаттығымыз қолымызға тиді.

016

САХАРОВТЫҢ СОҢҒЫ СҰХБАТЫ

Содан бері ширек ғасырлық кезеңді артқа тастадық. Биыл Абыралы, Дегелең жақтағы халықтың үрейін ұшырып, тірі жан түгілі табиғатқа мол зардап шектірген жарылыстардың тыйылғанына 25 жыл толып отыр. Осы күндерге дейін де бір емес, үш қазақ баласы аспан әлемін аралады. Азаттығымыздың арқасында көрген игілігіміз де көп.
Осының бәріне жеке-жеке тоқталуға болады. Бірақ бүгінгі мақаламыздың өзегіне атом бомбасының сынақ алаңына айналған Семей полигонын арқау етпекпіз.
Жақында теледидардан полигонға қатысты сюжетті көріп қалдық. Онда сутегі бомбасының авторларының бірі академик Андрей Сахаров полигон жұмысына қалай тартылғанын еске алады. Бір қызығы, бұл академиктің соңғы сұхбаты болатын. «Қазақфильм» киностудиясының «Полигон» атты деректі фильмінің шығармашылық тобы осы сұхбатты жазып алған соң, дәл сол күні, 1989 жылдың 14 желтоқсанында Сахаровтың жалғанда татар дәмі таусылған еді. Атақты ғалымға кейіннен «ғасыр қасіреті» деп бағаланғаны оқиғаны еске алу оңай болмағаны содан-ақ аңғаруға болады.
«Ядролық қаруды жасау тобына мені өзімнен сұрамай-ақ 1948 жылдың маусым айында қосты. Бұдан бұрын таза ғылыммен айналысу ниетім бол­ғандықтан, бұл ұсыныстан бірнеше рет бас тартқан едім. Бірақ амалсыз топқа қосылғаннан кейін осы салада бар білген-түйгенімді салып, жұмыс істеуіме тура келді. Біздің алдымызға қойған мақсатты жүзеге асыру мемлекет үшін, жалпы адамзат үшін қажет деп білдім. Алайда уақыт өте келе ұстанымым өзгере бастады, көп нәрсенің байыбына бара бастадым. Сонда да бастапқы кезеңдегі жұмысым үшін еш өкінбеймін» деген еді сол сұхбатында академик.
Сахаровтың сол сұхбатынан ядролық қаруға деген көзқарасы 1955 жылдан өзгере бастағанын аңғарамыз. Ол сол жылғы жарылыстың салдарынан адам шығыны болғанын көреді. Әуедегі, ғарыштағы, судағы сынақтарды тоқтату керек деп санайды. Осы ойын атом бомбасының «атасы» Игорь Курчатовқа жеткізеді. Мұнымен келіскен Курчатов Хрущевке барып жолығады. Алайда Хрущев Курчатовты тыңдағысы да келмейді.
Қалай болғанда да Андрей Сахаров ядролық қаруды сынауға үзілді-кесілді қарсы болды. Адамзаттың құқын қорғағаны үшін Кеңес заманында «үш әріптің» бақылауына ілінді. Бұл қызметі үшін Мәскеуден Горький қаласына жер аударылғаны да бар.

ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 28 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Міне, сол күннен бастап Семей өңіріндегі жарылыстар тоқтады.
Қазақ даласын қырық жылдан астам уақыт улаған Семей полигоны 18 млн гектар аумақта орналасқан болатын. Ядролық сынақтардан таралған радиация­дан 1,5 миллионға жуық адам зардап шекті. Сол өңірде қаншама бала мүгедек болып туылып, жасына жетпей қанша адам өмірмен қоштасты. Жалпы алғанда, полигонның жұмысы кезінде 456 ядролық және термоядролық жарылыстың 116-сы ашық болды. Яғни, жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Олардың әрқайсысының жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есеге артып кетті. Осыдан-ақ полигонның әкелген зардабын шамалауға болатындай.
Осы жерде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елімізде ғана емес, дүние жүзінде ядролық қаруды тоқтату жөнінде көтерген бастамаларын да айта кету керекпіз. Осыдан бес жыл бұрын, 2011 жылдың 12 қазанында Астана төрінде Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация қабылданды. Сол күні Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты форумда Елбасы өзінің сөйлеген сөзінде Семей полигонын, полигонның қазақ даласына тигізген зардабын мысалға алып, осындайды әлемде енді болдырмау керек деген пікірін жеткізді. Бұл басқосуға қатысқан көптеген елдердің басқарушы органдары өкілдері мен ғалымдары Қазақстан Президентінің сөзін құптады. Нәтижесінде жоғарыда аталған декларация бірауыздан қабылданды.
Былтыр БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде Елбасы Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырды. «Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан төртінші ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел. Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құрған жөн. Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруге тиіс» деді Қазақстан Президенті Нью-Йорк төрінде тұрып. Және бұл ойын таза қазақ тілінде жеткізді.
Елбасы ядролық сынақтарға тыйым салудан кейін бүкіл адамзатты ядролық қарусыз әлемге жетелеуде. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекет басшысының бастамаларын да әлем қолдап келеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button