Басты ақпарат

Жарық неге жиі сөнеді?

25 қаңтар күні «Орталық Азияның энергожүйесінде ақау» байқалып, Қазақстан, Қыр­ғызстан және Өзбекстан елдерінің бірқатар өңірлерінде электр сөніп қалды. Елімізде Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент, Талдықорған қалалары жарықсыз қалды. Өзбекстан энергетика министрлігі ақауды Қазақстанның электр желілеріндегі ірі апатпен байланыстырды. Ал Қазақстан жарықтың сөнуін Орталық Азияның екі еліндегі ақаудан көрді. Еліміздің электрэнергия желілеріне жауапты KEGOC компаниясының түсіндіруінше, Өзбекстан мен Қырғызстан энергия жүйесінде туындаған едәуір теңсіздіктің салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік Қазақстанға» 500 кВт көлемінде шамадан тыс қуат келген. Соның салдарынан тоқ дұрыс бөлінбей, Қазақстанның оңтүстік өңірінде кейбір аудандар жарықсыз қалған. ҚР Энергетика министрлігі де Орталық Азия­ның біріккен энергия жүйесінен шамадан артық қуат келіп, еліміздегі электр желілерін істен шығарды деп мәлімдеді.

[smartslider3 slider=1977]

Ескімен алысып есіміз шықты

Қалай дегенмен де, бұл жағдай КСРО кезінде құрылған Орталық Азияның біріккен энергия жүйесінде үлкен мәселе барын көрсетті. Аталған ұйымның құрамында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан бар. Ұйым мүшелері арасында су-энергетика мәселелеріне байланысты дау-дамайлар да жиі туындап тұрады. Ұйымға мүше елдер қыруар қаржы бөлгенімен, Батыс Қазақстаннан оңтүстік Тәжікстанға дейінгі өңірде электр қуаты тапшы мәселесі күні бүгінге дейін шешілмей келеді. Сарапшылар мұның себебін Орталық Азияның энергетика инфрақұрылымының әбден тоз­ғандығымен байланыстырады. Бұл сөздің де жаны бар. Өйткені бұл өңірдегі электр станцияларының барлығы дерлік Кеңес үкіметі тұсында салынған. Күні бүгінге дейін соны жамап-жасқаумен келеміз.

ҚР Энергетика министрлігінің электр энергетикасын дамыту және интеграция басқармасының басшысы Болат Тұяқбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 204 электр станциясы бар. Олардың өндіретін электрінің жалпы қуаты 19 мың мегаватты құрайды. Алайда олардың көпшілігі 60-70 жылдары салынған. Көбісінің қазіргі таңда тозығы жеткен. Электр сымдары да ескі болғандықтан, қазақша айтқанда, «қашатын тоқ» та аз емес. Оның үстіне Қазақстанда электр энергиясының 70 пайыздан астамы көмірдің күшімен өндіріледі. Биылғы қолдан жасалған көмірдің тапшылығы да электр қуатының «құбылуына» әсер етіп тұрған болуы да мүмкін.

Цифрлы майнингі өте көп электр энергиясын қажет еді. Мамандар криптовалюта өндірісіне сарп болатын энергия Аргентинаның тұтынатын электр энергиясынан асып түсетінін есептеп шыққан. Бұл оңай көрсеткіш емес

Тапшылықты шешудің жолы қандай?

Соңғы кезде елде энергия тапшылығы туралы жиі айтыла бастады. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматы қаласында қаржы секторының өкілдерімен кездескен кезде атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне тоқталды. «Біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек» деп атап өткен Президент Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқала бастағанын жеткізді.

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін Президент бірінші рет ауызға алынып отырған жоқ. Бұл – бұдан бұрын да айтылып, бірнеше рет талқыға түскен тақырып. Тіпті Ресей президенті Владимир Путин да «Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр. Қазақстандық мамандарды да осы салаға баулуға әзір» деп мәлімдеме жасаған. Әрине, энергияға болған сұраныс тұрғысынан алғанда, даму үстіндегі елдердің атом электр станциясын салуы энергия жетіспеушілігінің алдын алудағы және ел іші өнеркәсібін қуатты электрмен қамтамасыз етудегі маңызды тәсіл екені рас. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде ерте ме, кеш пе, АЭС салынады. Өйткені көмірді өртеп электр өндірудің күні өтіп барады, су электр станциясы елді толық жарықпен қамтамасыз ете алмайды. Тек жасыл энергияға сүйеніп, елдің электрге болған сұранысын қанағаттандыру тіпті мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, бізге де АЭС керек сияқты. Әйткенмен ол бізге керек пе? Салдырсақ кімге салдырамыз деген мәселе жөнінде ел ішінде әртүрлі көзқарас бар. Мәселен, жұрттың кейбірі «бізге атом электр станциясы керек» десе, «Қазақстан өзі атом электр станциясын сала алмайды. Мұндай ірі құрылысты қарызданып салғанша, салмаған артық. Оның қауіпсіздік жағы тағы бар» деп санайтын екінші топ Қазақстанда АЭС салуға мүлде қарсылық танытып отыр. Ал үшінші топ болса, «АЭС салсын, бірақ Ресей салмасын, оны Корея немесе Жапонияға салдырған жөн» деген пікірде.

Хешрейттің орташа айлық көрсет­кіші бойынша, еліміз әлем елде­рі арасында алдың­ғы бестікке кіреді. Қазақ­станда криптовалюта өнді­рісі­мен айналы­сатын 15 ферма бар

Еуропадағы энергетикалық дағдарыс пен климаттың күрт жылынуы жөніндегі көңіл көншітпейтін болжамдар бейбіт атомға деген сұраныстың күрт артуына әкелді. Бүгінгі таңда жасыл шардағы таза энергияның үштен бір бөлігін атом өнеркәсібі шығарады. Қазір әлемде 31 елде 440 атом электр станциясы бар. Мұның ең көбі АҚШ-та болса (99), одан кейінгі орындарда Франция, Жапония, Қытай, Ресей елдері тұр. Атом қуаты Халықаралық агенттігінің мәліметі бойынша, тағы 51 реактор салынып жатыр. Бірақ әлем елдерінің бәрі электр мәселесін тек атом электр станциясына ғана сүйеніп шешіп отырған жоқ. Дәстүрлі жолмен электр өндіруді біртіндеп азайтқанымен, су, жел, күн энергиясынан пайдаланып электр өндіруге көп күш салуда. Керек десеңіз, атом электр станциясынан бас тартып жатқан елдер де бар. Мәселен, Германия атом энергетикадан толығымен бас тарта бастады. Атап айтқанда, 2021 жылы 31 желтоқсанда Германия елдің соңғы 6 атом электр станциясының үшеуін жауып тастады, ал қалған 3 атом электр станциясы 2022 жылдың соңына дейін жабылады. Бұл – Германияның жаңартылатын энергия көздеріне назар аударуға және ядролық энергетикадан кезең-кезеңімен бас тартуға ықпал етуге бағытталған тағы бір қадамы. Германия өзінің алғашқы атом электр станциясын 1969 жылы іске қосқан. 2011 жылғы Жапонияның Фукусимасындағы атом электр станциясындағы апаттан үлкен сабақ алған Меркель Үкіметі 2022 жылдың аяғынан кешіктірмей ядролық энергияны пайдаланудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Германиядағы электр энергиясының төрттен бір бөлігі атом энергетикасы арқылы өндіріледі. Бірақ соған қарамастан немістер қауіпсіздікті ескере отырып, АЭС-тен бас тартып отыр. Демек, Қазақстан да бүкіл назарды атом электр станциясын салуға ғана аудармай, баламалы энергия көздерін дамытуға да мән бергені дұрыс. Біздің елде жел, күн, энергия­сынан пайдалануға мүмкіндік мол. Бұл энергия көздерінің құрылысын салуға көп қаржы жұмсалғанымен, пайдалануға берілсе, өз құнын өтеп, жарық жүйеміздің жақсаруына септігін тигізеді.

Елімізде электр жетпей жатыр

Қазіргі таңда Қазақстандағы электр энергия тапшылығына елімізде цифрлы майнинг, яғни криптовалюта өндірісінің өркендеуі де себеп болып отырғанын айта кеткен жөн. Тіпті осы реткі Орталық Азиядағы жарықтың сөнуіне криптовалюта майнингінің электр энергиясын шектен тыс сарп қылуы мұрындық болған болуы да мүмкін. Өйткені цифрлы майнингі өте көп электр энергиясын қажет еді. Мамандар криптовалюта өндірісіне сарп болатын энергия Аргентинаның тұтынатын электр энергиясынан асып түсетінін есептеп шыққан. Бұл оңай көрсеткіш емес. Қарапайым тілмен айтқанда, виртуалды әлемдегі қазба байлықтарды «қазумен» айналысатын цифрлы майнинг – қазір бүкіл әлемге танымал сала. Мұндағы майнинг (ағ. mining) сөзі ағылшын тілінен де тау-кен саласында қазба байлықты өндіру мағынасын береді. Кембридж университетінің Bitcoin Electricity Consumption Index көрсеткішінде майнинг немесе блокчейн желілеріне арналған есептеу техникасының қуатын өлшеу бірлігі – хешрейттің орташа айлық көрсеткіші бойынша, еліміз әлем елдері арасында алдыңғы бестікке кіреді.

Қазір Қазақстанда криптовалюта өндірісімен айналысатын 15 ферма бар. Олардың дені электр энергиясы мол Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы сынды өңірлерге орналасқан. Атап айтқанда, дүние­жүзілік хешрейттің (криптовалютаны өндіретін қондырғының есептеу қуатының өлшемі) шамамен 6,17%-ы республика аумағында жұмыс істейтін цифрлы фермаларға тиесілі. Бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді. Оған Қытайдың бұл өндіріске шектеу қойғаны себеп болды. Атап айтқанда, Пекин биткоин мен басқа да криптовалюталарды өндіруге тыйым салған соң майнерлер Қазақстанға келген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев 2020 жылы Жолдауында «Біз Қазақстанның «мәліметтерді» өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылдадық. Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елімізге әлемдегі алпауыт цифрлы компанияларды тартып, 5 жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу қажеттігін де атап өтті. Бұл деген сөз – елімізде цифрлы майнинг өндірісі барған сайын ұлғаяды деген сөз. Алайда ол тұрақты әрі аса зор электр қуатын қажет етеді. Президенттің АЭС салу мәселесін қайта-қайта көтеріп жүруінің де сыры осында.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button