Жас әнші Ержан Максим Дубайдағы халықаралық байқау жеңімпазы атанды
Қазақстандық жас әнші Ержан Максим Дубайда өткен халықаралық беделді SANREMO BEST SONG 2025 байқауының бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл қуанышымен Ержан Максим Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында көпшілікпен бөлісті.
– SANREMO BEST SONG 2025 DUBAI халықаралық әншілер конкурсын бағындыру бұйырған екен, қадірменді ағайын! Ендеше, ерекше сезіммен барлық менің өнерімді бағалап, осы күнге дейін мені қолдап жүретін қазақ еліме басымды иемін. Бірақ, осы жолы бесіктен осы күнге дейін мәпелеп өсірген, өнеріме бар өмірін арнаған анам мен әкешіме де арнағым келеді. Тума-туыс пен жақындарыма, ұстаздарым мен достарыма және барлық қолдау білдірген жан ағаларыма алғысым шексіз. Жеңісті күндеріміз көп, болашағымыз жарқын болсын! – деп жазды әнші.
– Қазіргі кезде Астана қаласында тұрып жатырмыз. Ержан 17 жаста, «Шабыт» ұлттық өнер академиясының колледжінде оқиды. Түрлі байқау, фестивальдерге қатысумен бірге музыкалық білімін де ұдайы жетілдіріп келеді, – деді Kazinform тілшісіне Ержанның анасы Гүлмира Әлібек.
Орал қаласында туып-өскен Ержан Максим 2019 жылы Ресейдің Бірінші арнасы ұйымдастырған «Голос. Дети» конкурсында өнер көрсетіп, кейін жеңімпаз атанған еді.