Мәдениет

Жас актердің жолы

Ерсін Айтмұқаш – Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрындағы «Туған күн» (Виктор), «7+1» (Санитар), «Абылайханның арманы» (Жас батыр) және көгілдір экрандағы «Қазақ аруы», «Жараланған жүректер» сынды қойылымдарда ерекше бейнелерімен көзге түскен талантты актер. Осыдан сегіз жылдай уақыт бұрын мектепті енді тәмамдаған 17 жасар бозбала Семейден қолына жол сөмкесін алып, «өнер» деген пойыздың вагонына жүгіре мініп, Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар мен Жанқалдыбек Төленбаевтың алдынан шыққан еді.

[smartslider3 slider=829]

Студенттік жұмыстары – Қозы, Кебек, Клитандр, Тұзар. Соңғы екеуі – дипломдық жұмысы. «Қара Шекпен» – Георгий Хугаевтің әлемге әйгілі туындысы. Адам мен жануарды байланыстырып, адамдық қасиеттен ада болып жатқанымызды ащы шындықпен көрсететін шығарма. Бұл әфсанада Ерсін басты кейіпкер – Тұзарды сомдады. Көп ізденді. Төгілген тер, жұқармаған жүйке қалмады.

Төртінші курстың соңында Ерсіннің ұялы телефонына аяқ астынан бір ерекше хабарлама келеді. Бұл Қаллеки театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтен келген жақсы жаңалық еді. Талғат Досымғалиұлы заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын сахналамақ болып, Ерсінді Қозы рөліне шақырды. Жақсы күннің жаршысы болған хабарды естіген Ерсін бірден театрға беттеді. Талғат Теменов жас актерді ұнатты. Арада біраз уақыт өтті. Өкінішке қарай, аталмыш трагедия көрермен назарына ұсынылмайтын болды. Толқыныста тұрған Ерсінді танымал режиссер күзде өтетін кастингке шақырды.

Диплом алынды. Бірге оқыған Айкөркем, Мәдина, Күнсұлу, Дулат, Мәдияр, Нұрсұлтан, Жақсылық Өскеменге бой түзесе, Инабат, Абылай, Данияр елордада қалды. Сары күз де жетіп келді. Қаллеки театры кастинг жариялады. Ерсін театрға асығып, көркемдік кеңес алдында өнерін көрсетуге барын салып, қабылданды. Әуелгіде көпшілік сахнасына шығып жүрді.

Ең алғаш «Абылай ханның арманы» спектаклінде Жас батырды ойнап, театрдың негізін қалаушы актерлердің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ыбыраевтан бата алды. Театрда Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Өтеуілов, Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет жас актерлерге ақыл-кеңестерін аямай берді. Ерсін алдыңғы толқын аға-апалардан театрға, сахнаға деген құрметті үйренді.

Әрбір кейіпкеріне жауапкершілікпен, ізденіспен қарауды өзіне мақсат тұтты. Театрда Ерсін Р.Кунидің «Туған күн» комедиясында Викторды сомдады. Өзіндік комедиялық детальдар арқылы көрерменді күлдірудің әртүрлі әдіс-тәсілдерін тауып, ерекшеленді. Ерсін – ішкі жан дүниесі қалыптасқан актер. Оның Ф.Болоньяның «Байланыс аясы» драмасындағы Диегосы сөзімізге дәлел бола алады. Бұл кейіпкердің бір ерекшелігі – бүгінгі таңда белең алып жатқан қыз мінезді жігіттеріміздің көбейіп бара жатқанын көрсеткен образ. Диегоны нұсқалаған Ерсіннің бойында «қазақтың жігіттері мұндай болмаса екен, кешегі бабаларымыздай өр, батыр болса екен» деген жігерлі намыс тұрды.

К.Станиславскийдің «Ұсынылған жағдай» атты элементі бар. Бұл элементте режиссер актерге қандай жағдай ұсынады, соны бар жан-тәнімен алып шығу керек. Ерсін бұл сыннан сүрінбеді. Б.Абдуразаков «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын қойды. Жаңашыл режиссерден актер Ерсіннің алған тәлімі мол. Жас актер Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасында Ілияс бейнесін кескіндеді. Ілияс – драмалық бейне. Ерсін Ілиястың бойындағы шынайылық пен қарапайымдылықты сахнада аңғартты. Жас әртістің Ілиястың мінез-құлқын, болмысын терең зерделеп, көп іздегені көрініп тұр. Нәзік сезім мен терең лиризмге құрылған туынды көрермен тарапынан оң бағаға ие болды.

Ерсін Айтмұқашты көрермендер тек қана театр сахнасынан ғана емес, көгілдір экраннан да көріп жүр. Солардың қатарына «Әкесінің баласы-2» телехикаясындағы Ізбасарды да қоса аламыз. Ізбасар – көрермендер есінде ерекше сақталған комедиялық образ.

Ерсін, театр мен кинодан бөлек, тележүргізушілік және дубляж саласымен де айналысып жүр. 2016 жылы Balapan телеарнасында «Бірге бір» бағдарламасын жүргізсе, «Арай медиа групп» компаниясындағы мультфильм­дерді қазақ тілінде сөйлеткен актерлердің бірі.

Бахтияр ТҰРСЫН,

театртанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button