Жас аспаздар фестивалі
Елорданың Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде қалалық Білім басқармасының қолдауымен «AstauFest-2024» V Халықаралық гастрономиялық фестивалі өтті. Халықаралық аспаздар күні қарсаныңда ұйымдастырылған фестиваль жұмысшы мамандықтың біліктілігін арттыруға бағытталды.
Дәстүрлі түрде осымен бесінші жыл қатарынан өтіп жатқан «AstauFest-2024» фестивалінде 9 мемлекеттен келген 100-ге жуық студент өз шеберліктерін ортаға салды. Бүгінде осы фестивальдің арқасында еліміз Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Ресей және басқа да мемлекеттермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еңбек адамдарына ерекше көңіл бөліп, келесі жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Аспаз – өміршең мамандық, қай уақытта да қажет екені белгілі. Осы мақсатта бұл фестиваль жастардың бұл салада тәжірибе жинап, алдағы уақытта жұмыспен қамтуына септеседі.
Халықаралық ынтымақтастық арқылы біз әлемдік WorldSkills қозғалысының дамуына, оған қатысушы жастардың шеберлік деңгейіне жаңа серпін беруге, аспаз мамандығының маңыздылығын дәріптеуге, мейрамхана бизнесін индустрия ретінде дамытуға қол жеткізе аламыз. Фестиваль – креативті мамандардың өз идеяларын ортаға салатын, отандық білім беру саласы үшін бірегей алаң, – деді Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Гүлназ Сапарбекова.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлерін әзірлеуге басымдық берілуінде. Осы бағытта 20 жылдан аса уақыт тәжірибесі бар маман Айман Досмаилова аталмыш колледжде ұлттық тағамдарды жаңғырту жобасын қолға алған.
«Қазақ асханасындағы әр тағамның өзіндік философиясы бар. Мысалы, біз фестивальде «жілік самса» және «өкпе сүт» секілді тағамдарды дайындап қана қоймай, оның астарын жеткіземіз. «Өкпе сүт» ағайын, туыстың көңілін табу үшін пісірілетін болған. Бұрын аналар бір-біріне өкпелеп жүрген ағайынды татуластыру үшін осы тағамды әзірлеген.
Жалпы, колледж студенттері дәруменге бай ұлттық тағамдарды заманауи нақышта дайындауды ұсынып жатады. Яғни жастар арасында бұған бейжай қарамай, арнайылап іздеп келетіндер баршылық дей аламын» деді маман.
Фестивальде іскерлік және ойын-сауық іс-шаралары, мектеп оқушылары арасында арқан тартыс, ақ сүйек және асық ату сынды ұлттық ойындармен қатар, кәсіби мамандардың «Кондитерлік іс», «Наубайхана шеберлігі» атты сабақтары өткізіліп, 11 бағыт бойынша өткен байқауда үздіктер анықталды.
Индира Бержанова