МәслихатЭкономика

Жас кәсіпкерлерге жәрдем көрсетіледі

mergersacquisitions

Кез келген ел экономикасының негізі шағын және орта кәсіпкерлікпен тікелей байланысты. Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен «Депутат күні» аясында елордалық халық қалаулылары дәл осы мәселе төңірегінде пікір бөлісіп, Астанадағы шағын және орта бизнестің ахуалымен танысты.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Осы жөнінде әңгімелеген қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мәлика Бектұрова соңғы кезде қалада шағын және орта бизнеспен белсенді түрде айналысып келе жатқан азаматтар қатарының артып отырғанын алға тартты. Соның нәтижесінде қала бюджетіне түсетін салық мөлшері де ұлғаюда.

Басқарма басшысының айтуынша, тек 2014 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен ғана қала бюджетіне 212 млрд теңге қаржы түскен. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылар 22 жобаны жүзеге асырып, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. 2015 жылдың соңына дейін тағы алты жобаның жүзеге асырылатынын, атап айтсақ, сәуір айында тігін фабрикасының ашылатынын айта келе, басқарма басшысы елордада шағын кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға барлық жағынан қолдау көрсетіліп, бұл бағытта мол мүмкіндіктер қарастырылып отырғанын жеткізді.

–  Қалада шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылар белсенділік танытып келеді. Олар өнім өндіру мен қызмет көрсету көлемін 43,6 пайызға ұлғайтты, – деді М.Бектұрова.

Сонымен бірге алдағы уақытта Астана аумағында жаңа екі жоба жүзеге асырылмақшы. Олардың алғашқысы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. «Астана Жастар» деп аталған бұл бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жас азаматтар қатыса алады. Бұл бағдарламаны  жүзеге асыру үшін бюджеттен 300 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры оған қосымша 600 миллион қаржы бөліп отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша өз ісін бастағысы келген жас кәсіпкерлерге алғашқыда 20 миллион теңге несие берілмекші.

Қалалық мәслихаттың депутаттары бұл мәселеге орай өз пікірлерін ортаға салып, жас кәсіпкерлердің елорда бизнесіне оң ықпал етуін қарастыруды ұсынды. Отырыс­ты қорытындылай келе, қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдайлар туғызылып отырғанын, дегенмен, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың санын нақтылау қажеттігін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button