Елорда тынысы

Жас көрермен театры шымылдығын түреді

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің V маусымын 5 қыркүйек күні сағат 19:00-де Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» (инсценировка авторы Мирас Әбіл) музыкалық драмасымен ашады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қойылым режиссері  театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері- Асхат Маемиров.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым — Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.

Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты -ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады.

Сонымен қатар, жаңа маусымда да театр ұжымы сүйікті көрермендеріне дайындаған тың туындылары да жетерлік. Театр ұжымы өз көрерменімен сағына қауышатындығын қуана хабарлаймыз!

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасында суреттелетін қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын  Абай Құнанбайұлының  бозаң қырда өткен балалық шағымен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары  көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Қойылым режиссері- театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері- Асхат Маемиров.

Инсценировка авторы — Мирас Әбіл.

Музыкалық кеңесші — Димаш Құдайберген (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері).

Қоюшы суретші — Алма Сырбаева.

Композитор — Бауыржан Ақтаев.

Балетмейстр — Шырын Мұстафина

Хормейстр — Ғалымжан Берекешев

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button