ЖаңалықтарСұхбат

ЖАС ОТБАСЫЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАП

stroi-------450-267

Кеше «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясындағы жас отбасыларды баспанамен қамту тетігі іске қосылып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттарды қабылдау басталды. Осыған байланысты Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ахметовті әңгімеге тарттық.

– Бағдарламаға қатысуға ниетті жастарға қандай талаптар қойылып отыр?

– Бағдарламаға кемінде екі жыл некеде тұрған және ерлі-зайыптылардың екеуі де 29 жасқа толмаған жас отбасылар қатысады. Сондай-ақ, Астана қаласында кемінде екі жыл тіркелімі бар толық емес отбасылар өтініш бере алады. Онда да балаларды тәрбиелеушілердің біреуі 29 жасқа толмаған болуы керек.

– Отбасыларды іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіледі деп естіген едік. Осының жайын түсіндірсеңіз.

– Бұл жүйе бойынша бір балаға 20 балдан, әрбір екінші және одан кейінгі балаларға 30 балдан қосылып отырады. Сонымен қатар, комиссия өтініш берушілердің соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының аумағында меншікте үй болуын және оны иеліктен шығару жағдайларын тексереді. Мұнымен қоса, отбасындағы созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлерімен ауыратын немесе мүгедек әрбір мүшесі үшін 10 балл; мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде алдындағы іріктеу кезеңінде салынған тұрғын үйдің тізіміне қосылмаған үміткерлер үшін 5 балл; кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған, 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын ерлі-зайыптылардың әрбіреуі үшін 10 балл қосылады.

– Биыл қанша жас отбасын бас­панамен қамтамасыз етемін деп жоспарлап отырсыздар? Оларға арналған тұрғын үй құрылысы жұмыстарынан да хабар берсеңіз.

– Осы жылдың қазан айында 672 жас отбасы Тілендиев даңғылының оңтүсітігіне қарай орналасқан жалпы ауданы 27,2 мың шаршы метр тұрғын үй кешенінде қоныс тойын тойлайтын болады. Сонымен қатар, Сарайшық көшесінің оңтүстігінде жалпы ауданы 28,3 шаршы метр 430 пәтерлік тұрғын үй тапсырылады. Жалпы, былтыр бағдарлама аясында «Кезекте тұрғандар мен жас отбасыларға арналған баспана құрылысы» бағыты бойынша 6 тұрғын үй кешенін салу қолға алынды. Құрылыс басқармасы келесі жылы Брусиловский-Иманов-Жұбанов көшелерінің аумағында орналасқан 272 пәтерлік тұрғын үй кешенін, сондай-ақ, Сарыбұлақ өзенінің бойында Тілендиев даңғылының оңтүстігінде орналасқан жалпы ауданы 14,6 мың шаршы метр 295 пәтерлік және және жалпы ауданы 22,9 мың шаршы метр 530 пәтерлік екі тұрғын үй кешенін пайдалануға бермек.

– Құжаттарды қабылдау қай уақытқа дейін жүргізіледі?

– Аталған критерийлер бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау 14 маусымға дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында үзіліссіз жүргізіледі. Сондықтан бағдарламаға ілігемін дейтін жастарда әлі екі аптадай уақыт бар.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button