Қоғам

«ЖАС ҚАНАТ» – ТАЛАНТТАР МЕКТЕБІ

Үш күннен соң Астана төріндегі  Бейбітшілік және келісім сарайында ХХV мерей­тойлық «Жас қанат» республикалық байқауы өтеді. Елорда сахнасында бас қосатын үздік орындаушылар мамырдың 20-22 аралығында тартысты сайысқа түспек.

91323044b3b0f3a6ca51a61c20e417c6

Кеше биылғы жасқанат­тықтардың көптен күткен кездесуі болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген 14 қатысушы бір-бірімен алғаш рет жүздесіп, стилист, дыбыс режиссерлерімен, айтулы шараның басы-қасында жүрген техникалық мамандармен танысты. Ақтық кезеңге жолдама алған өнерпаздардың ішіндегі ең жасы – 15-тегі Әдемі Қоңыратбай болса, үлкені – 28-дегі Айбек Дәулетқалиев. Дүбірлі доданың жүйріктері арасында Ақжол Сапаралы мен Жалғас Сұлтанов атты екі астаналық үміткер бар.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келген мерейлі байқаудың қатысу­шылары жылы лебіздерімен бөлісіп, жасқанаттық ретінде бірінші сұхбатын берді. Со­лардың бірі Өскеменнен келген Мәлика Ахметжанова: «Жас қанатқа» қатысудың өзі – үлкен жеңіс. Бұған дейін тек хобби ретінде қарастырған өнерімді конкурстан кейін кәсіби деңгейге ұластырсам деймін. Вокалдық шыңдалу, эстрада алдағы өмірімнің ажырамас серігі болады деп сенемін» дейді.
25 жыл ішінде «Жас қанат» байқауы талай әншінің талантын танып, дүйім жұртқа атын шығарды. Бұл бәйге Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдуллин, Гауһар Қаспақова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, «Melomen» сынды көптеген әншінің бағын ашқан болатын.
Айта кетейік, 1992 жылдан 1999-ға дейін конкурс Алматыдағы Республика сарайында өтіп жүрді. 2001 жылдан Астанадағы Конгресс-холл сахнасының көркін қыздырды. Ал, «Жас қанаттың» ұраны Бейбітшілік және келісім сарайында осымен төртінші мәрте шырқалмақ.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button