Жаңалықтар

«Жас қанат» үздіктерді үкілейді

Келесі аптада Бейбітшілік және келісім сарайында «Жас қанат – 2016» республикалық байқауы кезекті мәрте шымылдығын түреді. Дүйсенбі күні іріктеуден өтіп, байқауға қатысуға жолдама алған үміткерлер бір-бірімен жүздеседі. Ал, 20-22 мамыр күндері сахнада сайысады.

Бұл жолғы байқау ерекше болғалы тұр. Себебі, биыл «Жас қанат» 25-ші рет өтеді. Байқаудың мерейтойына орай жақында оның ресми сайты ашылды. www.contest.kz мекенжайына кірген адам биылғы қатысушылардың тізімімен, байқау тарихымен, қатысу шарттарымен танысып, жалпы ол жөнінде толыққанды ақпарат алады.
Биылғы қатысушыларға келсек, іріктеуден өткен 30 жасқа дейінгі 14 әнші ақтық кезеңге жолдама алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған әншілердің арасында Ақжол Сапаралы және Жалғас Сұлтанов атты екі астаналық үміткер бар. Жалпы, 25 жылда астаналық жас әншілер төрт рет жеңіске жетті. Соңғы рет осыдан екі жыл бұрын Эльдар Омаров бас қалаға бірінші орынды алып берді.
Ал, аталмыш байқау Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдуллин, Гауһар Қаспақова, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Нұржан Қалжан, т.б. белгілі әншілердің өнер жолындағы алғашқы баспал­дақ болды.
Байқау жеңімпаздары «Алтын қанат», «Күміс қанат», «Қола қанат» сынды жүлделерден бөлек Астана қаласы әкімінің, қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құ­жаттамалар басқармасының, сондай-ақ, «Хабар» агенттігінің арнайы жүлдесімен марапатталатынын айта кетейік.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button