Қоғам

«Жас сарбаз» шығармашылық студиясының есептік концерті өтті

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өткен мәдени шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қолбасшылығының өкілдері, ардагерлер, мәдениет қайраткерлері мен ата-аналар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ұйымдастырушылар концертті Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қолбасшы полковник Бауыржан Момышұлының туғанына 114 жыл толуына орайластырды.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов студия тәрбиеленушілерін, педагогтар мен ата-аналарды құттықтап, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуде мәдениеттің маңыздылығын атап өтті.

– Армия Ұлттық әскери-патриоттық орталығының атынан жас азаматтарға патриотизм рухын оятуға, олардың таланттарын дамытуға белсенді атсалысады. Орталық және оның филиалдарының педагогтары орындайтын миссия болашақ Отан қорғаушыларды тұлға ретінде қалыптастыру және олардың рухын нығайту үшін жұмыс істейді, – деп атап өтті ол.

Шығармашылық студияның көркемдік жетекшісі 3-сыныпты сержант Альмира Асылбекованың айтуынша, «Жас сарбаз» балалар студиясында барлық күш құрылымдарының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналының балалары үйірмелерге тегін қатысады. Олармен балетмейстер Ержан Құдайбергенов, вокалдан педагогтар Гүлмира Сейітова, домбыра тартуды – Бауыржан Жолдыбеков, «Шешендік шеберлік» курсының жетекшісі Бақыт Тәжинов жұмыс істейді.

– Бұл біздің есеп беру концертіміз. Шараны ұйымдастыруға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Орталық әскери оркестр мен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі атсалысты. Балалардың шығармашылыққа бейімділігін дамытуға ұмтылатын ата-аналарға да алғысымыз шексіз, – деді А. Асылбекова.

Концерт бағдарламасында «Сарыарқа» және «Адай» күйлері тартылды. «Атшабыс», «Сезім» «Қылықты қыздар», «Киелі қазақ», «Гүлдер», «Дәстүр», «Полет чмеля» хореографиялық композициялары орындалды. Студия вокалистері мен бишілері «Көңілді ән» нөмірін тарту етті. Одан өзге, «Болашақ» вокалдық тобының орындауында «Мама» әні шырқалды. «Он алтын қыз» музыкалық туындысын «Самға» тобының солистері республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Сағын Өмірбайұлымен бірге шырқады.

«Достар» вокалдық тобы көрермендерге «ABBA» әнінің әуендерін еске салды. ҰӘПО-ның Орталық ансамблі мен «Жас сарбаз» балалар студиясының би топтары көрермендерді «Ақсауыт» хореографиялық композициясымен тәнті етті.

Концерт соңында «Жайна ұлы дала» әнінің әуенімен іс-шараның барлық қатысушылары сахнаға шығып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Естеріңізге сала кетсек «Жас сарбаз» шығармашылық студиясы – қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері. 2024 жылдың маусым айында студияның би ұжымы Қырғызстандағы «Нәресте» халықаралық фольклорлық фестивалінде сәтті өнер көрсетсе, ал тамыз айында 20 би ұжымы арасында Көкшетау қаласында өткен Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпазы атанды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button