Мәдениет

ЖАС СУРЕТШІЛЕРГЕ – САБАҚ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, Қазақстанның үшінші жаңғыруының өзегіне рухани жаңғыру айналады. Осы үдерісте, әрине, Астана көшбасшылық орынды алып, жаңа бастамаларға ұйытқы болуы тиіс.

Осыған орай елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында «Болашақтың энергиясы – Made in Astana» атты өнер фестивалі өтті. Шараны Астана әкімдігінің қолдауымен Еуразияның өнер академиясы, «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы ұйымдастырды.

Үш күнге созылған мәдени шараға Сембіғали Смағұлов, Бейбіт Әсемқұл, Әділғали Баяндин, Шалқар Қабдеш, Ләйлә Махат сынды қылқалам шеберлерімен қатар жас суретшілер қатысты. Алғашқы күні өткен ауқымды басқосуда бейнелеу өнеріндегі дәстүрлерді сақтау, әрі қарай дамыту мәселелері талқыланып, сақа суретшілер шеберлік сабақтарын өткізді.
Екінші кезеңде елорданың бірнеше саябағында, орталық алаңдарда плэнер өткізілді. Соның қорытындысында «Made in Astana» республикалық конкурсы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды.

«Еліміздің әр аймағында талантты жас суретшілер бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, конкурс негізінен солар үшін ұйымдастырылды. Әрине, бейнелеу өнеріне қатысты қазір өзекті мәселелер де баршылық. Фестиваль алаңында олардың шешімін табуға тырыстық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өнердің өрістеуіне шын мәнінде серпін берді. Осы жағдайды пайдалануымыз керек» дейді Ләйлә Махат.

Жас суретшілердің республикалық конкурсының бас жүлдесіне тігілген 1 миллион теңге Мэлс Отаров (Орал қаласы) және Карина Крылова (Алматы) арасында теңдей бөлінді. Екінші орын Алмас Орақбайға, үшінші орын Дулат Үсенбаевқа бұйырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль келесі жылы да өтеді.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button