Ел тынысы

Жас суретшілердің туындылары жұртшылық назарына ұсынылды

Бейбітшілік және Келісім сарайының «Құланшы» заманауи өнер орталығында Қазақ КСР халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған Қазақ ұлттық өнер университетінің көркемсурет факультеті студенттерінің шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Көрмеге үздік деген туындылар іріктелген. Әртүрлі жанрда салынған суреттер ә дегеннен көрермендерді баурап алды.

Жас суретші Ерасыл Ораздың көрмеген бірнеше туындысы қойылыпты. Әсіресе, Шоқан Уәлихановты бейнелеген суреті жиналғандардың жоғары бағасын алды.

«Бұл суретті салуға 2 апта уақытымды жұмсадым. Өз ойыңнан салған суреттен біреудің суретін қағазға түсіру жеңілірек. Бұл ретте, Әбілхан атамыздың Шоқан Уәлихановты бейнелеген суретін салу қиынға соқпады. Шамам келгенше Шоқан атамыздың бейнесін шынайы келтіруге тырыстым. Әрине, сурет өнерінен хабары аз адамдарға сырттай бәрі тамаша көрінгенімен үйренеріміз көп. Гуашпен салынған сурет көрермендердің көңілінен шыққанына қуаныштымын. Кәдімгідей шабыттанып отырмын», – дейді Ерасыл.

Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген тағы бір суреттің авторы – Мадина Оразаева.

Оның Әбілхан Қастеевті бейнелеген суреті алыстан көз тартады.

«Бұл сурет майлы бояумен салынды. Туындыны бір семестр бойы, яғни жарты жыл салдым. Бұл – менің алғашқы ірі көрмем. Жиналғандар суретті жоғары бағалап жатқанына қуаныштымын», – дейді Мадина.

«Құланшы» өнер орталығының жетекшісі Ләйла Махат жыл сайын 14 мамыр күні Қазақ ұлттық өнер университетінің көркемсурет факультеті студенттерінің шығармашылығына арналатынын жеткізді.

«Елімізде талантты балалар көп. Олар тасада қалмай, шығармашылық қабілетін шыңдауға тиіс. Әсіресе, Қазақ ұлттық өнер университетіне республиканың түкпір-түкпірінен дарынды студенттер жиналған. Біз өз тарапымыздан талантты жастарды қолдауға дайынбыз», – деді ол.

Көрме барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері сән көрсетілімін де ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button