Жасампаздық дәуірі
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: Тәуелсіздікті қорғау мен ел ырысын еселеу – келер ұрпаққа, жастарымызға асыл парыз әрі аманат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» опера және балет театрында өткен салтанатты іс-шараға қатысты.
Қазақстан Президенті барша қазақстандықты ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтап, жиналған қауым алдында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойғы тарихының ең маңызды кезеңдеріне, тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, сыртқы саяси, мәдени, ғылыми салалардағы маңызды жетістіктеріне назар аударды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен Қазақстанды құру ісіндегі ерен еңбегіне арнайы тоқталды.
– Тәуелсіздіктің отыз жылы – тұтас бір дәуір. Бұл – қиындықтар мен сынақтарды табанды түрде еңсеру дәуірі, тар жол, тайғақ кешумен салыстыруға болатын ұзақ кезең. Бұл – халқымыздың тарихында бетбұрыс болған жасампаздық дәуірі. Сондықтан ел азаматтарының атынан
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосқан барша отандасымызға алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында мінберге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шақырды. Елбасы тәуелсіздіктің мерейлі сәтіне арнап сөз сөйледі.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.