Саясат

ЖАСАМПАЗДЫҚ ПЕН ТАБЫСТЫҢ ТҰҒЫРЫНДАЙ

DSC_5215

Кеше екі күндік «Конституция: тұрақтылық, бей­бітшілік және қоғамдық келісім» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Кон­ференцияның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Парламент депутаттары, бірқатар министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары, шетелдер мен халықаралық ұйымдардан келген қонақтар қатысты.

– Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленген ел Конс­титуциясы мемлекет дамуы­ның негізіне айналды. Саяси сара жолмен келе жатқандығымыз соның айқын белгісі, – деген Конс­титуциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов Елбасының «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы жүктеген міндеттерге тоқталды.

Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Ата заңның мемле­кетіміздің өркендеуіне, тұтас халқымыздың уайымсыз өмір сүруіне берген мүмкіндіктері жайында әңгімеледі.

Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы төрағасының орынбасары Евгений Танчев өзі қызмет етіп отырған ұйымның құттықтауын жеткізді.

Әділет министрі Берік Имашев «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында ұлттық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі Конституцияның рөліне тоқталды.

Бас прокурор Асхат Дауыл­баев прокуратура органдарының қоғамдағы тұрақтылықтың, бей­бітшілік пен келісімнің конс­ти­туциялық негіздерін сақтау жо­лында атқарып отырған жұмыс­тарынан хабардар етті.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқылары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров еліміздегі уәкілдікте халқымыздың конституциялық құқыларының бұзылмауы және мемлекетіміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сақталуы үшін не істелініп жатқанын баяндады. Елімізде қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастыру жөнінде сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оның сөзін толықтыра түсті.

Саясаттанушы, Ресей Федерациясы Ұлттық стратегия инс­титутының халықаралық бағдар­ламалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов Қазақстан өз Конституциясын қабылдаған уақыттан бері жасампаздық пен табыстың жолымен келе жатқандығын атап өтті. Ол да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне жоғары баға берді.

СҮБЕЛІ СӨЗ

8cd32a18d0bc6396d5d47f6c4cd6c7edӘділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Ата заңда – мемлекеттің қалыптасу бағыттары көрсетілген. Азаматтардың құқылары мен бостандықтары айқындалған. Қазақтың өзі қабылдаған Конституция ел дамуына жол ашты. Елбасы Ата заң арқылы Қазақстанды мықты мемлекетке айналдырды. Елімізде бірлік пен татулық орнады. Экономика мен демократия дамыды. Отандастардың бо­йына қазақстандық патриотизмнің рухы себілді. Ең бастысы – Қазақстан тәуелсіз мемлекет екенін әлемге танытты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның төрайымы Махаббат Бекбосынова еліміздегі әйел­дердің құқыларын қамтамасыз ету деңгейін саралады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік туралы стратегиясы қай салада бол­масын нәзік жандылардың бел­сенділігін арттырды. Оның куәсі – мемлекеттік билік органдарында соңғы жылдары әйелдердің екі есе көбейгендігі. Мәселен, Қа­зақ­станда қазір 87 мың шамасында мемлекеттік қызметкер бар. Ал, олардың 55 пайызы – әйелдер. Пар­ламенттің төменгі палатасында қызмет ететіндердің 25 пайызы – әйелдер. Бұл – ЕҚЫҰ кеңістігіндегі орташа көрсеткіштен асып отыр» деді ол.

Конференция бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде жалғасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button