Басты ақпаратСараптама

Жасанды интеллект: артықшылығы мен кемшілігі

Жыл сайын қаңтар айында Швейцарияның курортты қаласы Давоста ел президенттері, бизнес көшбасшылары, көрнекті ойшылдар бас қосады. Бүгінде жаһандық экономикалық форумның географиясы кеңейіп, беделі артып, әлем елдеріне бағыт-бағдар көрсететін ұйымға айналды. Спикерлер жер жаһанның негізгі мәселесін талқылап қана қоймай, шешілу жолдарын ұсынады. Сондай өзекті тақырыптың бірі  жасанды интеллектке (ЖИ) арналды.

НЕ АЙТЫЛДЫ?

«ЖИ – экономика мен қоғамның қозғаушы күші» деп аталған сессия аясында AI және келешек еңбек нарығы, AI: тепе-теңдікті сақтаушы құрал, ЖИ адамзат өмірін 360 градусқа өзгертеді, генеративті жасанды интеллект: Төртінші өндірістік революцияның қозғалтқыш күші тақырыбы қамтылды.

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, ЖИ түрлі сала қызметінің 60-70 пайызын автоматтандырып, еңбек нарығының 40 пайызына әсер ететін болса, озық елдердің экономикасында 60 пайыз­ға дейін жетеді. Бұл – қиял емес, өмір шындығы, уақыт талабы. Мәселен, Microsoft компаниясы сервиз қызметінде жоғары технологияны қолдану арқылы 100 миллион доллар үнемдеді. Бүгінде әлемнің алпауыт компаниялары жасанды интеллектіні интеллектуалды бағыттар: ағартушылық, медицина, журналистика және тағы басқа салада тиімді қолдана бастады.

Экономикалық форумда дискуссияға қатысқан сарапшылар 2023 жылы пилоттық жобада ЖИ өндіріске енгізілсе, 2024 жылы кең көлемде қолдану үдерісі жүретінін айтты. Тіпті, 2030 жылға қарай ЖИ экономикаға әсер ететін кәсіпкер немесе жоба менеджері рөлін атқарады деп күтілуде. OpenAI ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сэм Альтман таяу жылдары адамдар жоғары технология­ның сенімділігін мойындап, одан қауіптенуді қоятынын дәйектеді. Компьютер ғалымы Рой Амараның ойынша, ЖИ ғаламдық деңгейдегі бастамаларды іске асырып қана қоймай, бастамашы қызметін атқаратын күн жақын. Бұл ойды қуаттаған Insitro Inc компаниясының директоры Дафна Коллер «Жасанды интеллект – адамдардың потенциалы жетпейтін күрделі мәселелерді шешеді. Мысалға, медицина, ауылшаруашылығы, климаттың өзгеру бағытындағы жаһандық мәселелерді қарастыру керек» деді. Ал Cohere Inc компаниясының бас директоры Эйден Гоместің сөзінше, әлем масштабындағы бастаманы атқаруға жасанды интеллектінің әлеуеті жетеді. Сингапурдың Байланыс және ақпарат министрі Жозефине Тео адамзаттың келешегін жасанды интеллектпен байланыстырды. Сонда адамдар жасанды интеллектісіз өркендей алмайтын жағдайға жетті ме?

НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық форумында «Жасанды интеллект – бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқаты. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті адам өмірін қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллектінің ықпалы дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастырады» деп баға берген-ді.

Давос форумында генеративті жасанды зердеге басымдық бергені жайдан жай емес. Интеллектінің бұл түрі несімен ерекшеленеді, соның мәнін ашып алсақ. Уақыт машинасы аталатын алгоритмдер жүйесі үш қасиетке ие. Яғни модель, дерек және есептеуді меңгеру арқылы ең ақылды адамдардың потенциалынан бірнеше есе асып түседі. Модель – ақпарат қабылдайтын және өңдеуге икемді алгоритм (алгоритм – бастапқы мәліметті пайдаланып іздеген нәтижеге жеткізетін әрекет тізбегі). Дерекке алгоритмдерді үйренетін түрлі мысалдар жатады. Соңғысы алгоритмнің ауқымын, маңызын, деңгейін, қасиетін есептеу жатады. Осындай күрделі технологиялық процестерді меңгерген ғылыми технология адаммен сұхбаттасып, сурет салып, музыка өңдей алады. Олар әлем тілдерін тану, ажырату, аударуға қабілетті болады. Мысалы, ағылшын тілінің сөздік қорын үйреніп, одан өлең құрап, ән айтып, эссе немесе ғылыми жоба жазып, антиплагиат бағдарламасынан 97 өткізеді. Дерек негізінде жаңа алгоритм істейтін жасанды зерде өнер, химия, физика, биология, математика, инжиниринг және тағы басқа білім-ғылым саласын меңгереді. Чат-боттар үшін медиа жасау, өнімді әзірлеу және дизайн саласы қарапайым іс-әрекет саналады.

Goldman Sachs мәліметі бойынша, генеративті AI жаһандық жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) 7 пайызға арттыруға қабілетті. McKinsey & Co компаниясының есебінше, генеративті жасанды интеллект жаһандық экономикаға жыл сайын 4,4 триллион долларға дейін арттырады. Бұл – банк ісі, сервистік қызмет, медицина, білім беру, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп тағы басқа салаларды трансформациялайды. Мысалы, банк секторында генеративті AI экожүйесі жылына қосымша 200-340 миллиард долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. ЖИ табысының 75 пайызы тұтынушылар операция (банк немесе қор нарығы), бағдарламалық қамтамасыз ету (бағдарламаны жобалау, өндеу және кодтау процесі), маркетинг, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысынан келеді.

Қысқасы, жасанды интеллектіден қай мемлекет бас тартса, өркениет көшіне ілесе алмай, бүгінгі африкалық елдердің күйін кешеді. Бірақ оның зияны да бар. Ғалымдар мұны жоққа шығара алмайды.

ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?

20-25 жыл бұрын смартфон біздің күнделікті өмірімізге еніп, ажырамас бөлшегіне айналады дегенге кім сенді? Сол секілді қалаймыз ба, қаламаймыз ба жасанды зерде өмірімізге енеді. Өркендеп, өрлеуде ЖИ қызметіне сүйенуден басқа амал жоқ. Бірақ зиянды тұсын да ұмытпау керек. Бұл туралы Илон Маск «Мұның жағымды да, жағымсыз да тұсы бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп десек те, ол ядролық бомбалар сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу керек» деп маңыз берді.

Сарапшылар алгоритм машинасы адам санасының дамуын тежейтініне қауіптеніп отыр. Себебі білім алушылар өз зерде-зейінін дамытудың орнына көмекші боттарға жиі-жиі жүгініп, технологияға тәуелділігі арта береді. Бұл – адамзаттың келешегі үшін өте қауіпті. Болашақты болжайтын футуролог Герд Леонгард «Технологияда этика жоқ. Ол адами құндылықтар туралы ойламайды. Оның ойлайтыны – факт. Мәселе де осында» дейді. АҚШ журналистері сайттағы «Жасанды интелектіні реттеу» атты тақырыптағы мақала жоғалып кеткенін айтып, дабыл қақты. Яғни өз бетінше шешім шығару қабілетіне ие бола бастады.

Ең қорқыныштысы, ЖИ интернетке байланған адамзатқа фейк ақпарат тарату қаупі бар. Gartner Research компаниясының сарапшысы Авивой Литан «Ғылыми технология танымал адамдарға ұқсас бейне мен фотосурет салып, дауысын дәл қайталай алады. Яғни жалған аккаунт­тар құрып, ақпараттық шабуыл жасап, таратуға қабілетті» деді.

Деректер мен мәліметтердің құпиялығын сақтау қиындайды. Өйткені технология үшін ақпараттық құпия деген мүлде болмайды. Тіпті банктердің немесе мемлекеттің құпия деректерін онлайн сақтау мүмкін болмайды. Күн тәртібіне киберқауіпсіздік мәселесі шығып, жазушылар мен журналистер, суретшілер мен композиторлар авторлық құқығын қорғауы қиындайды.

Қысқасы, ашықтық пен жариялықты ұстанатын роботтардан ешнәрсе жасыру мүмкін болмайды. Қазір адамдар смартфонға қандай тәуелді болса, алдағы уақытта ЖИ-ке бағынышты болады. Құлдықтың ең үлкені – осы. Бұл туралы түсірілген фантастикалық кинолар көп.

P.S: 1971 жылы негізі қаланған Давос экономикалық форумының күн тәртібіне ЖИ тақырыбы шығаруы – заңдылық. Өйткені Төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асыратын ғылыми технология – жасанды интеллект мемлекеттің ілгерілеуінде маңызды рөл атқарады. Дегенмен оның зияны мен залалын сараптау да – маңызды мәселе.

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button