Елорда тынысы

Жасөспірімдер қауіпсіздігі – басты назарда

Елордалық А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа байланыс­ты шұғыл жиын өтті. Оған мемлекеттік білім беру және спорттық ұйымдардың директорлары, педагогтарымен бірге, құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Алдын алу шараларының тиісті деңгейде жүргізілуіне қарамастан жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаяр емес. Бұл туралы жиын барысында Астана қаласының Полиция департаментінің бірінші орынбасары Эльдар Данияров атап өтті.

– Жыл басынан бері 186 кәмелетке толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 110-ы – оқушылар. 190 жасөспірім қылмыстың құрбанына айналды. Сондай-ақ қоғамда құмар ойындарға тәуелділік мәселесі өзекті, лудомания салдарынан депрессия, суицид және ауыр қылмыстар тіркеліп жатады. Алдын алу іс-шаралары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Ал соңғы аптада колледж және мектеп оқушыларының қатысуымен жаппай төбелестің жиілеп кеткен жағдайларын ескере отырып, қауіпсіз және салауатты қоғам құру мақсатында жастармен жұмыста бірлескен іс-қимылдарды күшейтудің аса қажеттілігі бар, – деді қалалық Полиция департаментінің орынбасары Қуаныш Орынбетов.

Аталған мәселенің маңызын сондай-ақ елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, қалалық Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Асима Бимендина, Астана қаласы Прокуратурасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова сөз етті.

«Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесіне мектеп пен ата-ана бірге жұмылуы қажет. Бүгінде түнгі уақытта да жүретін оқушылар мен кәмелетке толмаған колледж студенттері көп. Яғни ата-аналар тарапынан тәрбие жұмысы кемшін екенін көреміз. Бақылауды күшейту қажет. Білім беру тәрбиемен қатар жүреді» деді Астана қаласының Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жай-күйі, жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқы, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары мен қылмыстарының алдын алу қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button