Sport

Жасөспірімдер олимпиадасы: қос алтын, бір күміс, бір қола

Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтіп жатқан Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы әзірге төрт медальмен 24-орынға тұрақтап тұр.

Ел қоржынына алғашқы алтынды дзюдодан Бекарыс Сәдуақас салды. Ол 100 кг салмақ дәрежесінде сынға түсті. Финалдан грузин Илиа Сулуманидзені қосымша уақытта жеңді.
Екінші алтын – каноэ есуден алдына жан салмаған Диас Бахраддиннің еншісінде. Финалда ол өзбек спортшысы Исломжон Абдусломов­пен алтынға таласқан болатын. Тартысты өткен жарыста Диас 1:54.66 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып келді.
Ал күміс жүлдені дзюдодан Мар­гарита Гриценко алды. Ол 78 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап, шешуші кездесуде неміс Рафаэлла Иглға есе жіберіп қойды.
Сонымен қатар Стелла Суханова каноэ есуден спринт жарысында қола жүлдегер атанды. Суханова үшінші орын үшін таласта неміс Джина Зинттен үш секунд жылдам болды. Нәтижесі – 1:54:25.
Қазақстандық велоспортшылардың аяқалысы қуантады. Біздің спортшылар топтасып жарысу сынында екі мәрте жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Светлана Пащенко мәреге бірінші келсе, ерлер арасында Глеб Брусенскийге тең келер ешкім болған жоқ. Әзірге біздің команда жалпы есепте көш бастап келеді. Алда әлі үш кезең бар екенін естеріңізге саламыз.
Бұл жазғы Олимпиадаға ел намысын 41 спортшы қорғап жатыр. Олар жүзу, бокс, күрес, дзюдо, бас­кетбол, суға секіру, триатлон, гимнастика, теннис, жеңіл атлетика, каратэ, таэквондо сынды спорт түрлерінен медальға таласады.

Байрақты бәсеке 18 қазанда мәресіне жетеді.

Дереккөзі: olimpic.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button