Жаңалықтар

ЖАСТАР ӘСКЕРГЕ ДАЙЫН БА?

237882

Бұрын кәмелетке жасы толған бозбала әскерге барғысы келетін. Және оны мәртебе көретін. Ал, бүгінде жастар азаматтық борышын өтеуден қаймығатын болды. Әйтеуір, соқталдай-соқталдай жігіттеріміз әскерге барудан қашып, медициналық комиссиядан өтпеудің түрлі амалдарын қарастырады. Қазір әскерге бармағанына ешкім намыстанбайтын болды да.

Оған себеп, кейінгі кездері телеарналарда ашық көрсетіліп жатқан әскердегі әлеуметтік жағдайлар болса керек. Бұл оқиға жас жеткіншектер мен олардың ата-ана, туған-туыстарын шошытары анық. Әскерге барудан жалтарудың ең бірінші себебі осы бейнероликтерде сияқты. Ұрып-соғып жатқан сарбаз жайлы бейнематериалдар интернет пен ұялы телефондарда да толып жүр. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі де аз емес. Майданға емес, Отан тыныштығын күзетуге аттандырған ата-ана осыдан кейін қайтіп ұлын әскерге жіберсін?  Қазіргі таңда халық кинодан не көрсе, соған имандай сенеді емес пе? Ендеше, қазақ жігіттерін жігерлендіретін кинолар қажет. «Жаужүрек мың бала», бүгінде тұсаукесері жүріп жатқан «Бауыржан Момышұлы» сынды фильмдер соның бастауы болары анық.

Деректерге сүйенсек, қалалықтар мен ауылдықтардың арасында әскерге деген құлшыныс әр алуан екен. Мысалы, қалалықтарда сарбаз атану ынтасы ауыл балаларына қарағанда төмен. Сондай-ақ, жеткіншектеріміз өз жеке басының мүддесі үшін әскер қатарына қосылғысы келеді. Яғни, әскери билет алу арқылы мансабын жоғарылату мүмкіндігін көздейді. Бүгінде әскери әдіс-тәсілді меңгеріп, ерлікті шыңдау әр азаматтың Отан алдындағы борышы деп қарайтындар аз. Кейде кейбір жастардың теріс жолда жүргенін, жаман әрекеттерге барып жатқанын көргенде, жаның ауырады. Сондықтан оларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында барынша патриоттық тәрбие беруге тырысқан жөн. Әскерге бару, әскери өмірді көру, мылтық ату, түрлі әскери техниканы меңгеру кәмелетке толған әрбір бозбаланың қызығушылығын тудыруы керек. Себебі, тәрбиелі азамат бар ақыл кенін Отанын қорғауға жұмсайды. Олар Отанға қызмет етуден, Отанды қорғаудан еш уақытта қашпайды.

Еркежан СӘТІМБЕК
е.satimbek@astana-akshamy.kz

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button