«Жастар» сахнасында – «Қарагөз»
Жазылғанына 100 жылға жуықтаған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы – қазақ драматургиясының алтын қорына енген шығармалардың бірі. Еліміздің талай театрында сахналанған классикалық туындыға қазіргі режиссерлердің қызығушылығы азаяр емес. Жақында аталмыш қойылымның премьерасы Астананың «Жастар» театрында өтті. Қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин спектакльді жаңаша жаңғыртты.
Қазақта жеті атаға жетпей қыз алыспау деген бұлжымас дәстүр бар. Жалпы ұлтымызда «жеті» киелі сан саналады. «Қарагөздің» өзі де жеті суретті трагедия. Тақырыпты ашу үшін қоюшы режиссер осы «жеті» санына қатты мән берген секілді. Шығармадан тыс спектакльге қазақ ұғымындағы бес қару емес, қылыш, найза, пышақ, орақ, балта, шоқпар, садақ сынды 7 қару кейпіндегі бейнелер енгізілген. Бұған қоса, «Жеті дауыс» деп аталатын кейіпкерлер тағы бар. Ал оқиға желісі сонау баяғы-бағзы замандардан, тәңіршілдік дәуірінен тамыр тартады. Бұл спектакль барысында берілетін көмей әуендері арқылы айқын аңғарылады. Кейіпкерлердің киімдері де ұлттық нақышта емес, ХІІІ ғасырды сипаттайтын «Сұлтан Бейбарыс» фильмін еске түсіреді. Қойылымның ұрпаққа айтар ұлағатын түсіндіру үшін жаңашыл форма, тосын көзқарас, тың шешімдер қолданылған.
«Қарагөздің» идеялық мазмұны жайлы Мұхтар Әуезовтің өзі: «Жалпы пьеса тақырыбы – беймезгіл заманда жолсыз өмір кешіп, ерте тартқан қайғы-зардың уынан қаза тапқан өнерлі жастар жайы: асықтық пен ақындық құмарлығына елтіген уыз жастар жайы. Пьесаның екінші айқындаған идеясы азаптан туған ақындық, қан-қайғыдан туған қаза, жеке бастың ғана күй-шерінен басталып барып, халықтық қайғы-қамды ұсынуға беттеген шабытты көрсетпек» деп жазып кеткен.
Шығарманың бас кейіпкерлері – бала кездерінде аналарынан айырылған, бір-біріне шын ғашық Сырым мен Қарагөз. Сырым, Әуезовтің тілімен айтқанда, «Қарагөздің елінде атағы шыққан жас пері, жаланған ер, жалындаған ақын, салтанатты сал. Өз ауылы «тентек» десе де, ол – сұлудың албастысы». Ал Қарагөзді атастырылған күйеуі Нарша былай сипаттайды: «Қарагөзде мін жоқ. Қарагөздің ақылы мен көркі мен түгілі, менен зор хан-қара, би-төренің қайсысына болса да олқы келмес».
Сондай Қарагөз Наршаны менсінбейді. Оның бар ойы – Сырым. Сырымның да көңілі тек Қарагөзде. Алайда арада үлкен кедергі бар, екеуі аталас, туыстықтары алты атадан қосылады. Сондықтан бұл сезімнен қос ғашық азап шегеді. Сахнадан көрінетін асықтар ұлы Абайдың «сорлы асық сарғайса да, сағынса да» деген өлең жолдарын еске түсіреді.
Сырым мен Қарагөздің салт-дәстүрден аттап қосылуына үзілді-кесілді қарсы болатын – Қарагөздің әжесі, өктем, адуынды Мөржан. Қарагөздің жеңгесі Ақбала екеуіне тілекші болса да, ештеңе істей алмайды. Ал Наршаның іші жауапсыз махаббаттан шерге толы. Спектакль Қарагөздің шын сезімнен есі ауысып, өмірден өтуімен, Нарша мен Сырымның «тірі өлік» кейпіне енуімен аяқталады. Осы орайда актерлердің ойынына тоқталсақ, Сырымды Данияр Оразаев, Қарагөзді Перизат Жәрдемова, Мөржанды Мәдина Май, Наршаны Жандос Шәйкенов сомдады. Бұлардың кейіпкерлерді беруіне көңіліміз толмады. Осы актерлер кейіпкерлердің қиналысын, мінезін бейнелеуден еш әсерленбедік. Ақбаланы сомдаған Айнұр Рахипова, Наршаның күйеу жолдасы Асанды ойнаған Жандәулет Батайдың кейіптеулері басқаларына қарағанда көш ілгері болды.
Спектакльдің қоюшы суретшісі Ерлан Тұяқовтың, балетмейстер Асан Бораншы мен хормейстер Әнел Сіргебаеваның еңбегін ерекше атап өту керек. Сахнаның безендірілуінен, би мен әннің қойылуынан мін таппадық. Қойылым сонысымен тартымды екенін айту қажет. Ал актерлерге кейіпкерлерді бойына сіңдіру үшін, көрермендерді әсерлендіру үшін әлі де еңбектену керек.
Аманғали Қалжанов