«Жастар» сарайын аралады
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов, Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, қалалық мәслихат депутаттары «Жастар» сарайын аралап, мұндағы секциялар мен үйірмелер жұмысымен танысты.
«Жастар» сарайының ашылғанына биыл 50 жыл толды. Жарты ғасыр ішінде нысан елорданың мәдени-спорттық ордаларының біріне айналды. Күн сайын мұнда 1550-ден астам адам келеді. Соның 80 пайызы – балалар мен жасөспірімдер.
2024 жылы «Жастар» сарайы базасында «Жастар үйін», яғни коворкинг орталығын құру – Amanat партиясы Астана қалалық филиалы сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Қонақтар тиісті жұмыстар барысымен танысып, мәселені талқылады. Бүгінгі таңда бұл нысанда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және «Жайдарман» ойыншылары орналасқан. Әзірге жастарға арналған коворкинг орталығы Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайындағы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп жатыр. «Жастар сарайының» үйірмелері мен секцияларына жастарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Болашақта бұл нысан елордалық жастардың әлеуетін арттыратын мекенге айналып, жүйелі қызмет етеді» деді Ерлан Каналимов.