Қала мен Сала

Жастар тәрбиесі талқыланды

Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жастар тәрбиесі тақырыбында ардагерлермен кездесу өтті.

Жиынға ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова, елордалық Ардагерлер кеңесі медиа тобының мүшесі Маржан Пірімбетова, қалалық Жастар саясаты басқармасы жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің бас маманы Аружан Байқадамова және бір топ ардагер қатысты.

Диалог ретінде өрбіген іс-шарада қатысушылар жастар арасындағы буллинг, жұмыссыздық, баспана, рухани тәрбие беру мәселесін ортаға салды.

Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламаларының мүмкіндігі мен 35 жасқа дейінгі жастардың тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алатынын баса айтты.

«Ел тағдырына белсене араласып, жаңашылдыққа ұмтылып жүрген жастар аз емес. Әсіресе саяси аренада еркін ойлы жас мамандарды көп көруге болады. Дейтұрғанмен саналы ұрпақтың қоғамда өз орнын табуы әуелі жастардың өзіне байланысты. Бұл тұрғыда ­ата-ана тәрбиесі, әлеуметтің берген бағыт-бағдары мен ортаның қарым-қатынасы үлкен рөл ойнайды.

Жастарға, ең біріншіден, тәуекелшіл, білімді, намысшыл, жауапты болуды тілеймін. Себебі қазіргі таңда өмірдің талабы осындай. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін бізге бо­йында осындай қасиеттері бар өзіне сенімді жастар керек» деді Ә.Әбсеметова.

Жасөспірімдердің өтпелі кезеңі тәрбиеге ықпал етудің нақты кезеңі деп білген ардагерлер өз тарапынан да қоғам мәселесін шешуге атсалысуда. Орталықтың «Күміс еріктілері» қаладағы бірқатар мектептің оқушыларымен шеберлік сабағын өткізіп жүр. Солардың бірі Айтжамал Байғалиева – «Әжеден қалған асыл мұра» қалалық жобасының қатысушысы. Ардагердің айтуынша, көненің көзі саналатын дәстүрлі музыканы қайта жаңғырту, сол арқылы жастардың рухани мәдениетінің артуына септесу – жобаның негізгі басымдығы.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button