Қоғам

Жастар тәрбиесі жөнді ме?

Жас ұрпаққа қазір қандай тәрбие берсең, өскенде соның жемісін көресің. Сондықтан жасөспірімдердің бүгінгі уақытын тиімді өткізуге, дұрыс білім беруге зор мән беру керек. Осы ретте қазір Астанада жастарды дамыту үшін қандай жұмыс атқарылуда? Астана қалалық мәслихатының депутаттары «Жастар саясатын жетілдіру, оларды түрлі орталықтар мен бірлестіктер, қоғамдастықтар мен қорлар қызметіне белсенді тарту арқылы жүзеге асырылатын жастар бағдарламаларының тиімділігін арттыру» жайындағы кезекті сессияға дайындық шеңберінде қаладағы бірқатар жастар орталығын аралап, жағдайымен танысты.

Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бастаған депутаттық корпус елордадағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанында ашылған жастар коворкинг-орталығы, аула клубтары және халықаралық оқу орындарын аралады. Оң жағалауда Бөгенбай батыр көшесі, 52 мекенжайында орналасқан «Замандас» жастар коворкинг-орталығы 14 пен 35 жас аралығындағы жандар үшін заманауи және жайлы тегін жұмыс кеңістігі ретінде ашылған. Клубтың мақсаты – әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды, жасөспірімдер мен жастарды қоғамға әлеуметтендіру үшін жағдай жасау, қабілетін дамыту және шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық қасиетін ұштау.

– Жас ұрпақтың уақытын қалай өткізетініне қатты мән беру керек. Жасөспірімдердің көбінің демалысты тиімді өткізуіне қажет өз кеңістігі жоқ. Сол үшін ашылған бұл орталықта олар бір-бірімен араласып, уақытын пайдалы өткізіп, сырттан қолдау таба алады. Жастарға маңызды және дұрыс ақпаратты ұсынып, көмектесу қажет. Ұрпақ қамы үшін неге осындай орталықтарды көбейтіп, барының жағда­йын жасауға қаржы бөліп, қолдау көрсетпеске, – деді «Замандас 21» қоғамдық қорының директоры Ләззат Алшынова.

Аталған коворкинг-орталық­та 15 жастан 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін психологтардың арнайы кеңесі де өтті. Жалпы бүгінде елордада 4 жастар коворкинг-орталығы жұмыс істейді. Келесі жылы осындай тағы 7 нысан ашу жоспарланып отыр. Осы қорға қарасты «Замандас» аула клубында 23 үйірме мен секция бар. Балалар мен жасөспірімдер мұнда қазақ, ағылшын және қытай тілдерін үйреніп, домбыра мен гитарада ойнауды меңгереді, шахмат пен робототехника дағдысын дамытып, вокал, би, тіл дамыту, жас техник, хоккей, футбол, таэквондо және актерлік шеберлік, қолөнер және басқа да секциялар бойынша қабілетін шыңдайды, сондай-ақ тоғызқұмалақ пен асық ату ойындарын үйренеді.

Одан әрі депутаттар биыл қыркүйекте ашылған Coventry University Kazakhstan оқу орнына барды. Coventry University мен Primus Education LLP серіктестігі негізінде құрылған бұл университет халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламаларын ұсынады. 180 жылдық тарихы бар оқу орны көптеген көрсеткіш бойынша әлемнің жетекші университеттерінің рейтингінде жоғары орындарда тұр. ЖОО-ның жетекші компаниялар және ұйымдармен серіктестік қарым-қатынасының арқасында студенттердің бірегей жобалар мен тағылымдамалардан өтуге мүмкіндігі зор.

Сондай-ақ мәслихат депутаттары осы жылдың 3 шілдесінде Қазақстан мен Қытай басшыларының қатысуымен ашылған Пекин тілі мен мәдениеті университеті (BLCU) филиалының жұмысымен танысты. Мұнда осы оқу жылында алғашқы 100 студент фаундейшн бағдарламасы бойынша білім алуды бастаған еді. BLCU-дың инновациялық әдістемесінің арқасында олар бір жыл ішінде HSK емтиханын тапсырып, бакалавриатқа түсу мүмкіндігіне ие болады.

– Әлемдік деңгейдегі осындай халықаралық стандарттарға сай салынған ірі оқу орындарының Астанада ашылғаны қуантады. Себебі бұл баласын шетелде оқыт­қысы келетін ата-аналар үшін қаржысын үнемдеуде зор мүмкіндік. Мектеп бітірген оқушылар алысқа бармай-ақ, жолы мен жататын жері, тамағына шығынданбай-ақ, шетелдік ірі оқу орындарының дипломын Астанада оқып жүріп алып шығады. Қаламызда 2027 жылға дейін 250 мың орындық мектептер салынады, осы ретте бізге 7500 мұғалім керек болады. Бұл жетіспейтін мұғалімдер саны ғана, ал оған дейін зейнетке шығатындар да болады, солардың орнын да толтыру керек. Сондықтан елордамызда мектептер де, осындай іргелі оқу орындары да әлі көп салынады, – деді мәслихат төрағасы.

Депутаттар аула клубтары және аталған оқу орындары басшыларын алғыс хаттармен марапаттап, ұлттық нақыштағы картиналарды сыйға тартты.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button