Басты ақпаратҚала мен Сала

Жастар жұмыс таба ма?

Жастар саясатындағы өзекті мәселенің бірі – жастарды жұмыспен қамту. Себебі Астана қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл туралы елорда­ның коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров мәлімдеді.

Басқарма тарапынан жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған бірқатар шара ұйымдастырылады. Олардың қатарында «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары және тұрақты негізде өткізілетін бос орындар жәрмеңкесі бар.

2022 жылдан бастап «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысушылар жалақысының мөлшері 30 АЕК-ке дейін артты. Сондай-ақ жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайды.

«Мысалы, университет не колледж бітіргеннен кейін кез келген жұмыс орны тәжірибенің болуын сұрайды. Бұл мәселеге қатысты «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын айтуға болады. Аталған бағдарлама арқылы жұмысқа орналасып, қолға 95 мың теңге жалақы аласыз. Тәжірибеңіз жүреді, сондай-ақ, белсенді болып, өзіңізді көрсетсеңіз, сол жерде қалу мүмкіндігі де бар. Тәжірибе жинақтауға бірнеше бағдарлама қарастырылған. Тіпті мысал ретінде өзімді айтсам болады. Мен еңбек жолымды осы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасынан бастадым» деді Қ.Қамбаров.

Жыл басталғалы бері 1334 жас жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды. Оның ішінде: тұрақты жұмысқа – 318, жастар практикасына – 115, қоғамдық жұмыстарға – 334, әлеуметтік жұмыс орындарына – 28, алғашқы жұмыс орнына – 21, «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізге 493 жас оқытуға қатысуда.

14-29 жас аралығындағы жастар жаз мезгілінде «Жасыл ел» жобасы арқылы жұмысқа орналаса алады. 2020 жылы – 1200 адам, 2021 жылы – 1956 жасөспірімдер мен жастар жұмыспен қамтылса, еңбекші жастарға 2022 жылы квота 4200-ге дейін өсті. Айта кететіні, 4200-ге жуық квотаның 60-70 пайызын әлеуметтік осал топтардан шыққан жастар құрады. 2021 жылдан бастап «Жасыл ел» қатысушылары алатын сыйақы мөлшері 35 мыңнан 64 мың теңгеге дейін өсті. Биыл бұл бағдарлама шамамен мамыр айында басталады.

– Жұмыспен қамту мәселесіне келгенде міндетті түрде NEET санатындағы жастарды да атап өткенді жөн санаймын. Яғни NEET санатына білімі жоқ және жұмыс істемейтін азаматтарды жатқызады. Олардың үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 6,9 пайызды құрады. «Үздік», «Жас жігер», «Time to change» жобалары бұл көрсеткіштің төмендеуіне бағытталады, – деді басқарма басшысы.

Жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кеңінен тарату мақсатында Астана қаласының 4 ауданында 5 Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Орталықтарда жұмысқа орналасу сұрағы бойынша «Халықты жұмыспен қамту» орталығының қызметкерлерінен кеңес алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, @job_astana_jastary Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшада бос жұмыс орындары жарияланып тұрады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button