Елорда тынысы

Жастар жұмыс тапты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау және елдегі адами капиталдың сапасын дамыту бағыты бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары елордада қарқынды жүруде.

Бас қалада жұмыссыздықты жою, халықтың әл ауқатын арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Осыған орай кеше елордалық жастар үшін «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесінде кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Аталған іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қала әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» және «Сарыарқа» ауданының аппараты бірлесіп өткізді.
Мұндағы мақсат жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу екенін айтқан ұйымдастырушылар жыл басынан бері Астанада мұндай жәрмеңке үш рет өткізілгенін тілге тиек етіп және оның тиімділігі турасында тоқталды.

–Жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» 3 бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Оған елорданың 300-ден астам ұйымы қатысып, жас мамандарға 1000-ға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды, 300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Ал кезекті өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесінде 40 мекеме жас мамандарға 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынады. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алады, – дейді Neet жастармен жұмыс жасау бөлімінін басшысы Әлфараби Аймақ.

Айта кету керек, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма «Астана жастарымен» бірлесіп тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді. Жалпы 1 тамыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 393,4 мың қазақстандық қатысып, 293,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 143,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 149,6 мың адам орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 13,5 мың адам, жастар практикасында 14,7 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 97,8 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 6,7 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 258 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 16,7 мың адам жұмыспен қамтылған.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button