Басты ақпаратҚала мен сала

Жастар жұмысшылармен жүздесті

Былтыр Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, биыл Жұмысшы мамандықтары жылы екені белгілі. Өткен жылдың соңында Президент бұған қатысты Жарлыққа қол қойып, тиісті құжат күшіне енді. Оң бастаманың мақсаты – нағыз еңбек адамдарын қоғамда дәріптей отырып, елдегі түрлі жұмысшы мамандардың мәртебесін әйгілеу, насихаттау. Әр салада тер төгіп жүрген құрылысшы, диқан, жүргізуші, шахтер, кенші және басқа да көптеген қарапайым жұмысшы өкіліне құрмет көрсету.

Атаулы жыл жария болысымен Үкімет те қауырт жұмысқа кірісті. Жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауда «Жұмысшы мамандықтарының жылын» ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарын бекітті. 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатта жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру мәселесін қамтыған.

Соның бірі – кәсіби техникалық мамандықтарға жас буынның ынтасын арттыру. Бүгінде Астанадағы техникалық оқу орнында оқып жүрген студенттер түрлі өндіріс пен кәсіпорындардың ішкі жұмысын көруге жиі аялдап жүр. Әсіресе, өз мамандығына үлкен қатысы бар ортаны көруге ұмтылған жастар легі көп. Бұған да себепші – атаулы жылға арналған қолдау мүмкіндіктері. Мысалы, өткен аптада «Астана Тазалық» ЖШС-да қаланың бір топ жастары болды. Елордадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінде оқитын олар кәсіпорын күнделікті қызметімен және саладағы жұмысшы мамандармен танысты.

Жалпы аталған мекеменің қала тазалығын сақтауда ерекше рөлі бары белгілі. Ал келген болашақ мамандарға кәсіп­орынның арнайы техникалары мен диспетчерлік қызметтің жұмысы көрсетілді.

«Біздің колледж негізінен көлік және коммуникация мамандарын дайындайды. Ал менің мамандығым – «Автомобиль көлігінде тасымалды ұйымдастыру және қозғалыс­ты басқару» деп аталады. Бүгін «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бас­тамасымен арнайы экскурсия ұйымдастырылып, мұнда өзіміз бұрын білмейтін заманауи техникалардың жұмысымен жақын таныстық. Әрі келешекте жұмыс істейтін мамандығымызға қатысты көп деректерді естідік. Қосымша диспетчерлік бөлімде болып, мұндағы әр жұмыс күнінің қалай өтетінін білдік. Маған ең ұнағаны – кәсіпорындағы әр команданың керемет жасақталғаны» дейді колледждің 3-курс студенті Бекарыс Жексен.

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бастамасымен басталған шараның студенттерге расымен берері көп. Бұған дейін олар техникалық мамандықта оқитын студенттерді құрылыс материалдарын шығаратын зауытқа апарып, дәл осында экскурсия ұйымдастыр­ған да болатын.

«Арнайы техникалық мамандықта оқитын 30-ға жуық студентті әкелдік. Мұндағы мақсат – «Жұмысшы мамандықтар жылы» мен «Таза Қазақстан» акциясын жастар арасында кеңірек насихаттау. Мұндай шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады» дейді бізбен тілдескен басқарманың бас маманы Әнел Мансұрова.

Жоғарыда айтқандай, қыс түсісімен қар толастамайтын елордада «Астана Тазалық» кәсіпорнының қарбаласы көбейеді. Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай мезгілде серіктестік жұмысшылары күшейтілген режимде жұмысқа кіріседі. Дәлірек айтсақ, бір ауысымның өзінде, яғни таңғы сағат алтыдан бастап 500-ден астам қызметкер тазалыққа аттанады.

«Серіктестік туралы айтар болсақ, біздің ұжым өз жұмысын Астана қаласы бойынша өте жоғары деңгейде атқарып келе жатыр. Ал бүгінгі келген студент жастарға күнделікті атқаратын міндетімізді түсіндірдік. Тазалықшы қызметкерлерден бөлек, көлік жүргізушілер, механиктер және диспетчерлердің қызметін талдап айттық. Күнделікті жүргізушілерге арналған медициналық тексеріс, көліктердің жұмысқа жарамдылығына рұқсат беру, тазалық аймағына қатыс­ты жол жүру бағдары жайлы түсіндірдік. Сондай-ақ қызметкерлерімізге қажетті техникалардың түрлері мен жабдықтар туралы да мәлімет берілді» дейді серіктестіктің өндірістік-техникалық бөлімі басшысы Ержан Айтмаханұлы.

Оның сөзінше, мекемеге Германия және Италия мемлекетінен қар тазарту жұмысына қажетті соңғы үлгідегі үлкен 10 техника алыныпты. Осындай жаңартудың арқасында қысқы мезгілде тұрғындардың қауіпсіздігі артқан. Колледж студенттері де осы жаңа үлгідегі машиналарды тамашалап көрді.

«Қызметкерлерімізге әр мау­сым сайын арнайы киім мен құрал-сайман өз уақытында беріледі. Жол тазалау жұмысшылары мен көлік жүргізушілеріне бір мезгіл ыстық тамақты ұйымдастыруды қолға алдық. Сондай-ақ өткен жылы біздің тазалық мамандары шет мемлекеттерде болып, тәжірибе алмасудан да өтіп келді. Жалпы өз қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинарлар, тренингтер ұйымдастырып отырамыз» дейді Е.Айтмаханұлы.

Бүгінде «Астана Тазалық» ЖШС-ында 2000-ға жуық қыз­меткер бар. Барлығы екі ауысыммен жұмыс істеуде. Сондай-ақ 800 арнайы техника әр маусымдағы түрлі тазалық жұмыс­тарына қатысады.

Айта кетейік, биыл «Жұмысшы мамандықтар жылында» орай Астанада 8 мыңнан астам азамат түрлі мамандық алмақ. Оның ішінде 5 мыңнан астам адамды кәсіптік оқыту жоспарланған. Бұған газ және электрмен дәнекерлеуші, көлік жүргізушісі, ағаш және жиһаз өндірісі шебері, аспаз, шаштараз, тігінші, киім пішуші, гүл өсіруші, модельер-конструктор, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май және автошиналарды ауыстыру авто маманы және т.б. оқыту кіріп отыр.

Сонымен қатар, 2025-2027 жылдары бас қаладағы колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттерге арналған мың орындық жатақхананы салу жоспарланған. Қалада жұмысшы мамандықтар аллеясы ашылып, жыл бойы кәсіби мерекелерге арналған концерттік бағдарламалар көрсетіледі. Түрлі мамандық өкілдеріне арналған «Мамандығым – мақтанышым» қалалық шығармашылық байқауы, суретшілер симпозиумы және музейлерде тақырыптық экскурсиялар мен көрмелер ұйымдастырылып, театрларда еңбек адамдарын дәріптейтін қойылымдар көрсетілмек.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button