Жастарды жұмыспен қамту – басым бағыт

Елдегі әлеуметтік жағдайдың жай-жапсарын халықтың, әсіресе жастардың жұмыспен қамтылуымен бағамдауға болады. Астанада жұмыссыздықты шешу мәселесіне ерекше ден қойылып келеді. Қала әкімдігі жұмыспен қамту бойынша бірнеше бағдарламаның жүзеге асуына мұрындық болып, тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды да жақсы дәстүрге айналдырған. Соның арқасында жұмыс берушілер де кадр тапшылығын толтырып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл өз кезегінде қаланың гүлденуіне ғана емес, ел экономикасының тұрақты өсуіне де серпін беріп келеді.
Еңбекке жол ашады
Елордалық «Еңбек» мобильділігі орталығының ақпаратына сәйкес, Мансап орталығына 2025 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша жұмыспен қамту мәселесімен жолыққан жұмыссыз ретінде 16438 адам тіркеуде тұр, оның 5983-і – 35 жасқа дейінгі жастар.
– Жастар арасында есепші, заңгер, экономист, құрылыс және білім саласының мамандықтарына сұраныс көп. Бұл бағытта жұмыспен қамтудың бірнеше шарасы іске асуда. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және кәсіптік оқыту. Қазіргі таңда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына «Жастар тәжірибесімен» – 771 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен – 235 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 1 адам жұмыс істеуде, – деді Мансап орталығы жастарды қолдау бөлімінің басшысы Аида Жамангарина.
Аталған жобалар орталық тіркеудегі азаматтарға субсидияланатын, яғни айлық жалақысы мемлекет тарапынан төленетін жұмыс орындарын ұсынады. Оның ішінде:
«Жастар тәжірибесі» жобасы мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға көмектеседі. Оған колледжді немесе ЖОО-ны соңғы 5 жылда бітірген жастар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы 35 жастан аспауы тиіс. Сондай-ақ шарттардың бірі – мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы. Практикадан өту мерзімі 12 айдан аспайды. Жоба аясында еңбекақы төлеу де ұлғайтылады. Еңбекақы мөлшері – 30 АЕК немесе 117960 теңге. Жобаға қатысушыға кәсіби білімін және жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгер бекітеді.
«Алғашқы жұмыс орны» жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетін арттыруды, оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнына бейімдеуді қамтамасыз етеді. Оған жұмыс іздеп жүрген ЖОО түлектері, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар қатыса алады. Бағдарлама ұзақтығы – 18 ай. Субсидия (жалақы) мөлшері – 30 АЕК немесе 117960 теңге. Жобаға қатысушыға кәсіби білімін және жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгер бекітеді.
Аталған жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссызды кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндетті.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға, зейнет жасына толған жұмыскерді ауыстыруға арналған. Бағдарлама ұзақтығы – 6 ай. Субсидия (жалақы) мөлшері – 30 АЕК немесе 117960 теңге. Аталған жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдарға зейнет жасына жеткенге кемінде 6 ай қалған немесе зейнет жасындағы тәлімгер тағайындалады.
Осы жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссызды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті.
Кәсіптік оқыту өтінім негізінде жүргізіліп, жұмыс берушілер қажетті мамандарды тегін оқыта алады. Оқу аяқтағаннан кейін бағдарламаға қатысқан адамды жұмыс беруші 12 айдан кем емес уақытқа тұрақты жұмысқа орналастырады. Оқытудан өтіп жатқан жұмыссыздар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдау бар. ҚР заңнамасында жұмысшы біліктілік бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттер үшін белгіленген мөлшерде стипендиямен, сондай-ақ, жол жүруге, тұруға және медициналық тексерістерден өтуге материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар биыл жұмыссыз жастарды кәсіптік оқыту екі бағыт бойынша ұйымдастырылады. Бірі жұмыс берушiлердiң өтiнiшi бойынша бiлiм беру ұйымдарында өткізіледі. Жұмыс берушiлердiң өтiнiшi бойынша оқитын тұлғаларға барлық оқу кезеңі үшін медициналық тексеруден өтуге 2 АЕК (7864 теңге) және 43574 теңге мөлшерiнде стипендия төленедi. Ал екіншісі жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқытылады. Жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқитын жұмыссыздардың еңбекақысы оқу кезеңінде Мансап орталығы арқылы төленеді. Еңбекақы көлемі айына салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін қоса алғанда, экологиялық жәрдемақы төлемдерін есептемегенде 20 АЕК – 78640 теңгені құрайды.
– Жұмыс берушілер кәсіпорында субсидияланатын жұмыс орындарын ашып, Мансап орталығында тіркелген жұмыссыздарды қабылдай алады. Оқу орындарын аяқтаған жастар, мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған жағдайда, Астана қаласы Мансап орталығына келіп, аталған жұмыспен қамтудың белсенді шараларының біріне қатыса алады.
Жұмыспен қамтылған жұмыссыздардың еңбекақысы толығымен немесе ішінара мемлекет тарапынан «Еңбек» мобильділігі орталығы арқылы төленеді.
Жалпы қалада жұмыспен қамтудың белсенді шараларының жылдық жоспары жасақталып, айына 2 рет бірқатар іс-шара ұйымдастырылып отырады. Оның ішінде азаматтар көп жиналатын жерлерде тұрақты жұмысқа орналасу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларына қатысу мүмкіндігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында жұмыспен қамту шараларымен қамту бойынша кездесулер ұйымдастырылып, Мансап орталығы мамандары акпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деді А.Жамангарина.
Қазіргі уақытта маникюр шебері, педикюр шебері, шаштараз және аспаз мамандықтары бойынша оқуға қабылдау жүргізілуде.
Жаңа кәсіп меңгереді
Бас қалада жүзеге асып жатқан Joltap жобасы қала тұрғындарына жұмыс тауып беріп қана қоймай, білігін және кәсіби мүмкіндігін арттыруға көмектесіп жатыр.
– Joltap жобасы 2023 жылы жазда Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынды. Жобаның операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоры. Мақсаты – жұмыспен қамту арқылы халық табысын арттыру. Мақсатты аудиториясы – жұмыссыз азаматтар, бағыт-бағдары жоқ, NEET санатындағы жастар, ауыл-аймақтан көшіп келген азаматтар. Азаматтар үшін оқыту толығымен тегін. Оқу аудиторияларында кіреберістегі практикалық сабақтарға арналған барлық құрал-жабдық тегін беріледі. Жастар қалауы бойынша бірнеше курстан оқытудан өте алады. Ал биыл 10 мыңға жуық азаматты оқытпақшымыз, – деді Joltap жобасының PR-менеджері Тимур Мусин.
Joltap жобасы аясындағы қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары jumystap.kz атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланады. Жоба аясында азаматтар 10 жұмысшы және 7 цифрлық мамандық бойынша оқытудан өте алады. Олар: тігінші, сәнгер-құрастырушы, сатушы-кассир, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһазды құрастыру негіздері, Kaspi-магазинде сату негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт әзірлеу, электргазбен дәнекерлеу, автокөлік майын және шинасын ауыстыру маманы және бариста.
Сонымен бірге жобаға қатысушылар SMM, сайт құрастырушы, видеомонтаж, графика дизайнері, контент-криэйтор, таргет маманы және бастапқы цифрлық дағдылар бойынша білім ала алады.
Курсқа 18 бен 50 жас аралығындағы Астана тұрғындары ғана жазыла алады.
«Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде келушілерді арнайы дайындықтан өткен кеңесшілер қарсы алып, бірқатар қызметті ұсынады. Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беру, қысқа мерзімді оқуға жазылу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу (jumystap.kz платформасында тіркеу, бұл жерде қаладағы 2 мыңнан астам кәсіпорынның бос жұмыс орындары жиналған), қосымша цифрлық көмек көрсету қызметтері көрсетіледі.
– Біз үшін жастардың тек цифрлық дағдыларды ғана емес, жұмысшы мамандықтарды да үйренуге қызығушылық танытуы маңызды. Себебі жобаның идеологиясы – еңбек адамының имиджін арттыру. Азаматтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігінде белгілі бір курсқа емес, жалпы жаңа дағдыларды меңгеру мүмкіндігіне қызығушылық басым. Жас буын жұмысшы дағдыларын hard skills ретінде қарастырады, оларды алғашқы рет еңбек нарығына шығу үшін қажет деп санайды. Сондықтан олар бариста, корпустық жиһаз жасау және басқа да жұмысшы мамандықтарын қуана үйренуде. Ал цифрлық дағдыларды фрилансқа шығу мүмкіндігі ретінде қарастырады, – деді Т.Мусин.
Индира Бержанова