Президент пәрмені

ЖАСТАРДЫҢ КӨҢІЛІН ЖАДЫРАТТЫ

DSC_2926Тұңғыш Президент күні Астанада­ салтанатты шаралар­ көп болды. Өзім куә болған «Бір ел! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты мерекелік концерт өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды десем, артық айтқаным емес. Елорданың «Сарыарқа» велотрегінде өткен аталмыш­ концертке он мыңға жуық жастар қатысты.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары Тұңғыш Президент күнін осымен екінші рет атап өтті. Бұл ретте «Бір ел! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты ауқымды шараға ерекше тоқталғым келеді. Айта кету керек, былтыр бұл шара бұқаралық спорт тақырыбына арналса, ал биыл оның ұраны «Қазақстан-2050» Стратегиясы болды.

Тарихи таңдау күнгі той-думанға көптеген өнерпаздар қатысты. Керемет кеш 300 көркемөнерпаз қатысқан театрландырылған қойылыммен басталды. Концерт тізгінін ұстаған белгілі әртістер Азамат Сатыбалды, Сырым Қашқабаев және Әділ Ахметов оқушылар мен студенттерге «Қазақстан-2050» стратегиясының мәні мен мазмұнын түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, мерекелік концерттің бұлай аталуы тегіннен тегін емес. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, аз ғана уақыт ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын көрсетті. Жиында елордалық оқушылар арасында өткен «Қазақстан – 2050: оқушылар көзімен» байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында он мыңнан астам оқушы қатысқан бәйгеде үздік шыққан жеті оқушы ел алғысына бөленді. Олар «Үздік эссе», «Үздік ғылыми жұмыс» , «Үздік инновациялық жоба», «Үздік сәулет идеясы», «Үздік сурет» және «Үздік көшбасшы» атанып, мектеп ұстаздары мен ата-аналарын ерекше қуантты.

DSC_3018Сонымен қатар, мерекелік шарада шынайы бақыттың формуласы бүлдіршіндер көзімен берілгені қандай ғанибет! Ортаға шыққан екі кішкентай ұл мен қыз «Отбасы бар, елі бар, Елбасы бар берекелі елдің бәрі бақытты!» дей келе, бүгінгі бейбіт өмірдің бейнесін тақпақтата жөнелді.

Бұл шараның шырқау шегі бес жүзге жуық биші қатысқан бағдарлама болды. Өрендер би арқылы еліміздің символдарын өрнектеді. Оқушылар сарайының, «Ренессанс» балет мектебінің және Өскеменнен келген «Флэш» тобының «Бақыт» қойылымы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шарада жастардың рухын көте­ретін патриоттық әндер шырқалды. Жастардың сүйіктісіне айналған «Алашұлы» тобы, Мәдина Сәдуақасова, Дос, Бейбіт Қорған, «Трио Z» тобы және Астана опера және балет театрының әртістері мереке көрігін одан әрі қыздырды. Еліміздің тату-тәтті бірлікте өмір сүріп жатқанын түрлі ұлт өкілдерінің ән мен күйі айшықтады. Мерекелік бағдарламада Қазақстанның ел болып қалыптасу жолы мен 22 жыл ішінде жеткен жетістіктерін айшықтайтын бейнебаяндар көрсетілді. Осылайша техникалық жарықтандыру мен шараны ұйымдастыру жағы жастардың мерекелік көңілін одан сайын жадыратты.

 

Айгерім СЕЙІТМАТОВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button