Басты ақпарат

ЖАСТАРДЫҢ КҮШІ – БІЛІМІ МЕН БІРЛІГІНДЕ

ERA_6797

Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге!» атты жастар форумы өтті.

Еліміздің болашағы – бүгінгі жастар. Олар білімді, парасатты, отансүйгіш сезімін жүрегіне ұялатқан азаматтар болса, Қазақстанның келешегі де сенімді қолда. Елбасы өскелең ұрпақ алдында тәуелсіздіктің қадіріне жету, туған елі мен жерін сүю, тарихтан тағылым алу мәселелері төңірегінде келелі әңгіме өрбітті.

Бұл форумның мақсаты – жаңа жаһандық жағдайда еліміздің дамуындағы жастардың рөлін айқындау екендігін атап өткен Мемлекет басшысы Қазақ елінде жасалып отырған жақсылықтар мен жетістіктердің бәрі жастардың игілігіне арналғанын еске салды. «Біз ата-бабамыздан мирас болып қалған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу шыққан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Күллі дүние жүзі қазақ деген елдің бар екенін білді. Мұндай тәуелсіз елде өмір сүру – үлкен бақыт. Оның қаді­ріне жету – өз қолдарыңызда. Ендігі сендердің алдарыңда тұрған негізгі міндет – тұрақтылықтың тұғыры – татулық пен бірлікті тұ­мар­дай сақтау. Ол үшін әрқайсымыз, әсіресе, сіздер, жастар, өздеріңізге жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білулеріңіз керек. Жастар тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғап, елдігіміздің тұғырын биіктете түсуі қажет» деді Президент.

Жиынға қатысушылар Елбасының аузынан ұлттық тарих құндылықтары жөнінде де тағылымды әңгіме тың­дады. Ол қазақтың тамыры терең тарихы азат ел болуымыздың ір­гетасы болғанын атап өтті. Ұлы құн­дылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, әрбір Президенттің, бар­шаның жауапкершілігі. Биыл қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтуінің өзі үлкен мәнге ие. Сондықтан жас ұрпақ тарихтан тағылым ала отырып,  өз мемлекетін жақсартуды ойлап, оның өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Жастардың әрқай­сысы Қазақстанның ұлттық идея­сы – Мәңгілік елді іске асыруға белсене атсалысуы керек. Ол үшін жастар жан-жақты білім алуға ұм­тылғаны абзал. «Жастардың күш-жігері – білімі мен білігінде, бір­лігі мен отансүйгіштігінде. Осы қасиеттерді бойына жинаған жастары бар елдің болашағы да жарқын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде еліміз әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылуға талпынып отырғаны белгілі. Бұл мұратқа жету үшін экономиканы, инновациялық технологияны дамытудың маңызы зор. Елбасының айтуынша, экономика дамуы тоқтаған кезде, мемлекеттiң алға жылжуы да тоқтайды. Бәсекеге қабілетсіз экономика көп ұзамай құлдырайды. Тарих екi бағаны ғана бiледi: не жеңесiң, не жеңiлесiң. Сондықтан дамыған елдер көшінен қалмай, мемлекетіміз алға дамуы үшін жастар ерінбей оқып, қажырлы әрі тиімді еңбектенуі керек. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндік қарастырылған. Елдің алдына қойып отырған басты мәселе де – азаматтарды жұмыспен қамту. Қалғанын саналы адам өзі-ақ жасап алады.

Жастар форумына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 2 мыңдай делегат қатысты. Олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанаты өңірлік филиалдарының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, шығармашыл, ғылыми, жұмысшы, ауыл өрендерінің өкілдері және бел­гілі қазақстандық спортшылар  бар.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан жастарына арнап «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» үндеуін қабылдады.

 Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button