Қоғам

Жастардың шаңырағы шайқалмасын десек…

Қалалық мәслихат депутаттарын гендерлік саясат пен отбасы­лық-демографиялық ахуал мәселесі алаңдатып отыр.

Депутат Рамзия Умербаева­ның пікірінше, некені және ажырасуды тіркеуді цифрлық форматқа көшірудің көлеңкелі жағы бар. Оның айтуынша, бұл жағдай жастарды үйленіп, үй болуға қалай болса солай қарау­ға итермелейді. «Бұрын некеге отыру салтанатты жағдайда, куәлардың қатысуымен АХАЖ арқылы жүргізілетін. Бүгіндері неке куәлігін алу үшін АХАЖ-ға барып, алып кету жеткілікті» дейді ол.
Оның әріптесі Саят Батпенов осы күні баспананы жеңілдікпен алу құқығына толық емес отбасы, жалғызбасты аналар ғана ие екенін айта келіп, мұндай мүмкіндікті жас отбасыларға да беру керек деп есептейді. «Жас отбасылар кейде тұрғын үй кезегіне тұру үшін ажырасуға мәжбүр. Бірақ бір шаңырақ астында тұра береді. Бүгіндері тұрғын үй кезегінде осындай 47 мың отбасы тұр» дейді депутат.
Қарақат Абденнің мәліметінше, бүгіндері Астанада балалар үйінің 210 түлегі баспана алмаған. Олардың көбісі отбасын құрса да, үйлері болмаған соң балалары өздері сияқты жетімдіктің күйін кешуі мүмкін.
Жалпы, елордада 100 неке тіркелсе, оның 30 пайызы ажы­расуға ұшырайды. Қалада тіркелген 1 млн 47966 адамның 544 мың 370-і – әйел. Отбасыны нығайту, отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті насихаттауға былтыр 303 млн 752 теңге бөлінген. Осы жылы 120 млн 82 мың теңге бөлінсе, бұл жұмыстарға Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына республикалық бюджеттен 186261 теңге берілген. Елордада Неке сарайының құрылысы да өзекті мәселе болып тұр екен.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button