Жастардың жағдайын ойласақ…
Жастар жұмыссыздығын шешудің бір жолы – Қазақстанда техникалық мамандықтар бойынша дуальды білім беруді дамыту. Мамандар арасында кәсіби біліктілікті арттыру жайлы Президенттің тапсырмасы да бар. Бүгінде жастарға біліммен тәжірибені қатар алуға мүмкіндік аз. Көбінесе білікті маман жоқ немесе тәжірибесі жоқ, сондықтан жұмысқа алмаймыз дейді. Оқи жүріп үйренбесе оларда қайдан тәжірибе болмақ? Болжам бойынша алдағы он жыл ішінде еңбекке қабілетті жастар санының өсуіне байланысты жастар жұмыссыздығы Қазақстанда ұлғаятын болады.
Жастар жұмыссыздығына билік тарапынан мән беріліп, тіпті оны шешудің жолдары қаралғанымен, өте баяу орындалуда. Өндірісте кәсіби инженерлер, техникалық мамандар, шет елдік білімі бар орта буын кадрлары әлі де аз. Қазақстанда дуальды білім беру жүйесі 2012 жылы енгізілді, ал 2014 жылы 11 сала бойынша 83 мамандықты қамтитын «дуальды оқытуды енгізу» жол картасы әзірленді. Осы бағыт іске қосылған он жылдан кейін дуальды білім беруді дамытуға бағытталған осындай маңызды жоспарлар мен қадамдарға қарамастан, Қазақстанда студенттерді дуальды оқытумен қамту төмен болып қалуда. Он жыл өтті, нәтиже жоқ. Сондықтан ауылдағы колледждердің деңгейін көтеру үшін, дуальді білім алуда шет елдік колледждермен бірге интеграция жасауымыз керек.
Шетелдік оқу орындарында да онлайн оқу арқылы білім алса, сонда жастарымыз екі диплом алатындай мүмкіндікке ие болады. Қазақстанда дуальді білім берудің іске қосылғанына 10 жыл өтсе де, оның ауқымы кеңейіп, айтарлықтай дамыған жоқ. Кәсіби техникалық білімді мамандар жеткілікті болу үшін не жасауымыз керек? Дуальды оқыту студенттің бір мезгілде колледждерде екі мамандыққа оқумен қатар, теориялық білім алуы және қымбат құрал-жабдықтар мен тиісті материалдық-техникалық өндірісте практикалық білімді меңгеру мүмкіндігі бар. Егер бұлай болмаса, студенттерді оқытудың мәні жоғалады. Мұндай тәсіл дамыған елдерде кеңінен таралуда, себебі ол барлық тараптарға пайда әкеледі. Елімізде 800-ден аса колледждер бар. Университеттердің, мектептердің, онда қызмет ететін ұстаздардың мәртебесі де, жалақылары да көтерілді. Ал ауыл колледждері мен ұстаздардың жағдайы мәз емес. Әлемде техниканың түр-түрі дамып, жаңарып жатса, ауыл колледждеріндегі тәжірибеден өтетін өндірісте құрал-жабдықтардың 60-70 пайызы ескірген. Бұл мәселеге де көптеп көңіл аудару қажет. Ауылдардағы колледж жанынан шет елдік оқу орындары филиалдарын ашу қажет. Себебі елдегі жастар ауыл колледжінде оқу арқылы біріншіден, екі мамандық иесі болумен қатар өндірісте де тәжірибеден өтіп, екі дипломға ие болады. Яғни, ауылда практикадан өту студенттер үшін өте тиімді. Ол жерде шет елдік колледждерде онлайн білім алар болса, біз тамсанып жүрген голландтық раушан, голландтық картоп өнімдерін өсіруге мүмкіндік болады, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу әдістерін меңгереді. Ол дегеніңіз – диплом алған соң жұмыс орны да дайын деген сөз. Және де ауылдың дамуына оң әсер етеді. Ауылдың инфрақұрылымы артып, жатақханалар, студенттер үшін ойын-сауық, дене шынықтыру, асхана сияқты ғимараттар да бой көтерері анық. Яғни бизнес те келеді. Тіпті біздің елдің азаматтарымен қатар шет елдік студенттердің оқуына мүмкіндік бар. Міне, осы тәсіл арқылы елімізде білімді, тәжірибелі мамандарды көбейтсек, нәтижесінде азаматтар да ел дамуына зор үлес қосар еді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отыра ұсынамын:
- Ауылдардағы колледждер жанынан шет елдік оқу орындарының филиалдарын ашуды қарастыру.
- Колледжде оқу арқылы студенттердің өндірістерде практикадан өту кезеңін 60 пайызға дейін жеткізуді қарастыру.
- Қазақстан колледждерін оптимизациялау мәселесін қарастыру.
- Колледж ұстаздарының жалақысын көтеру механизмін қарастыру қажет.
Таңсәуле СЕРІКОВ, Мәжіліс депутаты