Жастардың жаңа мүмкіндіктері

Астана – Қазақстанның жүрегі, жастардың арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инновациялар мен даму орталығы. 2025 жылы қала жастары үшін білім беру, жұмыспен қамту, мәдениет және кәсіпкерлік бағытында көптеген жаңа жобалар іске асуда. Ресми статистикаға сәйкес, елордалықтардың 445 мыңы жастар санатына жатады. Демек, бас қала тұрғындарының әр үшіншісі – жас буын өкілі.
Астана жастарының қазіргі басты ұраны – «Жасампаздық пен Жаңашылдық!». Мемлекет тарапынан жасалған қолдау мен заманауи бастамалар олардың болашаққа нық сеніммен қадам басуына мүмкіндік береді. Мәселен, 2025 жылы елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жастар арасында техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттыруға бағытталған. Осыған орай, Астана қаласының әкімдігі бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып отыр.
Елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бұл іс-шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Жастардың көпшілігі ақылы жоғары, беделді мамандықтарды қалайды. Бірақ біз қоғамға техникалық мамандардың да аса қажетті екенін көрсетуіміз керек. Бұл – ел экономикасын алға сүйрейтін кәсіптер» деді Қ.Сенғазыев.
Ресми дерек бойынша 2024 жылы жұмысшы мамандықтарын игеруге сұраныс 18%-ға артқан. Бұл көрсеткіш жастардың кәсіби білімге деген қызығушылығы өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Жыл бойына Астанада жастар арасында «WorldSkills», «JasSkills» және «DeafSkills» форматтарында кәсіби шеберлік чемпионаттары өтеді. Сонымен қатар, қала колледждерінде арнайы гранттар бөлініп, 10 мыңнан астам жас тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.
2025 жылы жастарды рухани және әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында Жастар ісі секторы жаңа бағыттар әзірлеуде. Бұл салада діни сауаттылық, отбасылық құндылықтар және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері қамтылады.
Жақында бас қаладағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жастар ісіне жауапты мамандардың кеңейтілген жиыны өтті. Оған қала имамдары мен ҚМДБ өкілдері қатысты. Жиында 2025 жылға арналған негізгі жобалар қарастырылып, жастарды қоғамға бейімдеу бағдарламалары ұсынылды. Соның бірі ретінде биыл 100-ден астам қайырымдылық және мотивациялық іс-шаралар өткізілмек. Бұл бастаманың аясында Астана мешіттерінде Жастар клубтары, отбасылық институтты нығайтуға арналған «Жас отбасы» курстары ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топтарға арналған тегін психологиялық кеңестер беріледі.
Астана қаласы жастардың жұмысқа орналасуына ерекше көңіл бөлуде. 2024 жылы жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 23,3 мың адам жұмысқа орналасса, оның 13,7 мыңы жастар болды. Қалада жастарды еңбек нарығына бейімдеу үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.
«Мен IT саласында оқыдым, бірақ жұмыс табу қиын болды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, қазір тұрақты жұмысқа орналастым» деп ойымен бөлісті жас маман Әлихан Темірбек.
Биыл Астана жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Қала әкімдігі, білім беру мекемелері, мәдени ұйымдар және діни қауымдастықтар жастарға барынша қолдау көрсетіп, олардың әр салада дамуына жағдай жасауда. Кәсіпкерлік, инновация, білім беру, мәдениет және жұмыспен қамту салаларында 100-ден астам жаңа бағдарлама іске асырылмақ. Астана – тек қана елдің бас қаласы емес, жастардың арманын орындайтын, жаңа идеялар жүзеге асатын орын!
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің
студенті